Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда-саттық 1 миллиард долларға жетпек. Татарстанға жұмыс сапарында ел басшысы Рустам Миннихановпен кездескен президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Қазір алыс-беріс 700 миллион долларды құрап отыр. Президент Қазан қаласындағы кәсіпорындар көрмесіне барды. Кеме және машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі кешені саласындағы өнімдерді көрді. Нұрсұлтан Назарбаев экологиялық тұрғыдан таза және жаңартылған энергия көздерін пайдаланатын көлік техникасының үлгісімен де танысты. Ал Қазан федералдық университетінде өткен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа аталған оқу орнының «Құрметті докторы» атағы берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сонау 1804 жылы құрылған Қазан федералдық университеті - Ресейдің ең көне жоғары оқу орындарының бірі. Ол әлемнің үздік 350 жоғары оқу орны тізіміне кіреді. Осындай беделді ЖОО-да қазақстандық жастардың білім алып жатқаны қуантады. Қазіргі таңда мұнда түрлі бағдарламалар бойынша 500-ден астам қазақстандық студенттер, ал бүкіл Татарстанда 1 217 ұл-қызымыз оқып жүр.
Базаргүл
ОТЫНШИЕВА