Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Әлем чемпионатының алғашқы ойынында Ресей ойсырата ұтты

AstanaTV
15.06.2018ж. 20:00
2255
Әлем чемпионатының алғашқы ойынында Ресей ойсырата ұтты

Төрткүл дүние көз тіккен теңбіл доп бәсекесі де басталды. Төрт жылда бір айналып келетін басты бәйгенің алғашқы ойыны аса тартысты өтті. Жарыстың басты фавориттері күні бұрын белгілі болғанымен, бап пен бақтың қайсысы басым түсері беймәлім. Миллиондаған адам тамашалаған биылғы мундиаль мерекесі туралы келесі материалда.

Әлем чемпионаты тарихында алғашқы ойын 5:0 есебімен аяқталды. Бұған дейін Бразилия Мексиканы дәл осылай ойсырата ұтқан болатын. Бірақ сол күні жанкүйерлер бір күнде бес матчты тамашалады. Лужникидегі мундиальдың ашылу салтанатына 80 мың адам көз тікті. Сауд Арабиясының ресейліктерден масқара болып жеңілетінін жанкүйерлер ғана емес, сарапшылар да күтпеген екен. Бірақ бұл ойынға да көңілі толмағандар табылды. Ойыншылардың үнемі доптан айрылып қала бергені мен шабуылдың әлсіз ұйымдастырылғанын алға тосқан олар арабтардың өзге командалардан да осылай жеңілерін жеткізді. Ресейліктер алғашқы жеңісін тойлауға кіріссе, қойылған талап үдесінен шыға алмаған араб футболшылары сыбағасын алары анық. Дегенмен оларға қандай шара қолданатыны белгісіз. Мамандар қақпашы Абдаллах аль_Майюф пен шабуылшы Мохаммед Аль-Салуи және қорғаушы Усама Хавсаидың жазасыз қалмасын айтады.

Бірнеше минуттан кейін «В» тобындағы командалар арасында Марокко мен Иран бақ сынасады. Марокколықтар мундиальға бұдан 20 жыл бұрын қатысса, ирандықтар екінші рет шығып отыр. Дегенмен марокколықтардың Африкадағы іріктеу турнирінде қақпаға ешбір гол өткізбегенін атап өту керек. Дегенмен бұл жолғы жарыстың бәсі бөлек.

Сарапшылар қос команданың қабілет-қарымы үш ойыннан әріге аспайтынын айтады. Ал теңбіл доп тартысының жүйріктері саналған Португалия мен Испанияның жөні бөлек.

 

Бүгінгі жарыс осы командалардың кездесуімен аяқталады. Сочиде өтетін орталық матчта алыптар айқасқа түседі. Чемпионат басталардан бір күн бұрын бапкерін ауыстырған «Қызыл Фурияның» енді қалай өнер көрсетері белгісіз. Хулен Лопетеги мадридтік «Реалмен» жасырын келісімшартқа отырғанын федерациядағылар кешірмесе керек. Осылайша испандықтардың тізгіні құраманың спорттық директоры Фернандо Йерроға тапсырылды. Олардың қарсыластары - Еуропаның қазіргі чемпиондары. Ал Криштиану Роналду испандықтарға қарсы бір де бір гол салмаса да, ұлттық құрама сапында 81 голдың авторы атанды.