Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Пойыз апатына жолаушылар пойызы мен жүк пойызының соқтығысуы себеп болды - куәгер

AstanaTV
18.06.2018ж. 20:00
5067
Пойыз апатына жолаушылар пойызы мен жүк пойызының соқтығысуы себеп болды - куәгер

Шудағы шойын жол апатының себебі анықталып жатыр. Ал зардап шеккен 14 адамның біріне бүгін ота жасалды. Ол қатты қақтығыс кезінде қос аяғын сындырған. Ал, апаттан көз жұмған қарағандылық жеткіншектің ата-анасымен бірге Ыстықкөлге демалуға бара жатқаны белгілі болды. Жамбыл облысындағы меншікті тілшіміз Данияр Әлімқұл оқиға орнына арнайы барып, жағдайды өз көзімен көріп келді. Бейнематериалға назар салайық.

Апаттан аман қалғандар әлі де өз-өзіне келе алар емес. Жексенбіде Астанадан Алматыға бет алған №10 «Бәйтерек» пойызының 8 вагоны рельстен шығып, екеуі аударылып қалған еді. Бұл вагондарда 152 жолаушы болған. Біреуі көз жұмып, 14-і жарақат алды.

Біз 29 адам Қаскелеңге келе жатқанбыз. 18 бала, мұғалімдер де бар.  Шайқатылып құлап бара жаттық. Вагондарда терезені сындыратын арнайы балғалар болған жоқ. Қолымызбен сындырып, әзер шықтық.

Қазір оқиға орны оқшауланған. Қуат көздері жедел ажыратылды. Күзетшілер жолаушылардың жайрап жатқан заттарын жинастырып жүр.  

Елдің есін алған шойын жолдағы шырғалаң осы. Шу қаласына 20 шақырым жетпей, темір тасқынды техника апатқа ұшырайды. Көріп тұрғанымыздай жөндеу жұмыстары 7 сағаттан бері жалғасып жатыр. Ал, ауыр бөлшекті алып вагондар аударылған күйі әлі қанша уақыт жататыны белгісіз. Өйткені арнайы техника апат орнына әлі жетіп үлгерген жоқ.

Апаттан бір жеткіншек қайтыс болды. Ал аяғынан ауыр жарақат алған 48 жастағы астаналық азамат Алматыға отбасымен тойға бара жатқан. 4 баланың әкесі апаттан аман қалғандарына қуанады.

Әліби Байжанов, Астана қаласының тұрғыны:

Ұйқыдан тұрып, бәріміз отырғанбыз. Түскі асымызды іштік, балалар ойнап жүрген. Сол арада тежегіш бірден басылды. Шайқатылып бәрі құлай бастады. Сонымен 1 минуттың ішінде дым көрінбей қалды.

Александр Новиков, Шу қалалық ауруханасының дәрігері: 

1970 жылғы науқас Байжановтың жағдайы жақсы. Оң аяғының екі сүйегі жабық түрде сынған. Сол аяғында ашық түрдегі сынық бар, емін қабылдап жатыр. Шамамен әлі 10 күндей ауруханада болады.

Теміржол саласына жауаптылар рельсте ақау жоқ екенін айтты. Өйткені соңғы рет 6 маусымда жасалған техникалық тексерісте ешқандай кінәрат табылмаған. Қазір осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 344-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Данияр Нұрмағанбетов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ президентінің орынбасары:

Рельстер мен вагондардың техникалық жағдайы тәуір. Апат кесірінен қанша бағытта қандай пойыздар тоқтағанын айта алмаймын. Пойыздар көрші жолақпен өтіп жатыр. 832 адамның екі жүздейі «Шу» станциясына жеткізілді. 488 жолаушы «Алматы 1» станциясына апардық. Қалғандары автокөліктерге отырып кетті.

Ал, шойын жолдағы апаттың шығуына қос пойыздың қақтығысы себеп болуы мүмкін. Вагондағы жолсеріктердің болжамы осы. Сөзіне қарағанда, жолаушылар пойызына қапталдас бағыттағы жүк пойызы келіп жанасқан.

Шу жақтан жүк пойызы, ал Астана жақтан біз келе жаттық. 11 вагонға соғып  содан бәрі кетті. Мынаны ұрғаннан кейін шығып кетіп отыр ғой сонда? Қарасай енді ана сызықты. Құлап тұрған жоқ. Көріп тұрсыздар. Содан кейінгілері құлаған. Удар болған жерден вагондар құлай бастаған.

«Пойыз машинисті рельстегі ақауды көріп, тежегішті шұғыл басқан». Бұған дейін,  апатқа байланысты осындай болжам айтылған еді. Дегенмен апаттың нақты себебін  арнайы комиссия анықтамақ.

Қазір Шудың бойында жолаушылардың жоғалған мүліктерін тез тауып алу мақсатында шұғыл желі құрылды.

Данияр Әлімқұл