Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мектепте орамал тағуға орай тағы бір «тақырып» шықты...

AstanaTV
16.06.2018ж. 20:00
6054
 Мектепте орамал тағуға орай тағы бір «тақырып» шықты...

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі таратқан баспасөз хабарламасына қарағанда, орамалын шешкісі келмейтін мектеп оқушыларын үйде -қашықтықтан оқыту мүмкіндігі талқыланып жатыр. «Жоқ, шешпейміз» деп отырған әрине, бірінші кезекте ата-аналары... Олардың табандап отырғанынан және қайтпайтындарынан осындай идея туа бастады. Тек белгілі себепке байланысты табандап және қайтпай отыра алмайтын дәрменсіз мұғалімдерді ойлайсың. Себебі «орамал шешпеуге» қатысты талай материал жасаған Ақтөбе облысындағы меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемалдың материалында айтылады. «Ақтөбеде діни ахуал тұрақты». Бұл осы салаға жауапты мамандардың жиі айтатын сөзі. Дегенмен атқарылар жұмыстың әлі де аз еместігін олар да мойындайды. Былтырғы қыркүйек айынан бастап облыстағы 340 оқушы қыздың мектепке орамалмен келуі және діни көзқарастарын алға тартып, оны шешуден бас тартуы ұстаздар мен теологтардың бас ауруына айналды. Үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде тұмшаланғандардың көбі мектеп формасын сақтауға келісті. Ал келіспегендерімен заң аясында сөйлесуге тура келді. Нәтижесінде 20-сының ісі сотта қаралып,  9 ата-анаға айыппұл салынған еді. Кейбірі биліктен қыз балаларға арналған бөлек мектеп ашуды да талап еткен. Және олардың саны аз емес.

Жолдас Қалмағамбетов, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы:

Арнайы қыз балалар үшін мектеп ашылатын болса, тек ол жерде әйел адамдар ұстаздық ететін болса, тек қыздар оқитын болса, біз ол мектептің барлық талаптарын сақтап, балаларымызды оқытамыз деп олар келіскен болатын. Нақты санын айту қиын, бірақ 70-ке жуық ата-ана бізге сондай ұсыныс берді.

Оқу жылының соңында облыста 6 оқушы қыздың орамалды тастамауы салдарынан келесі сыныпқа көшпей қалуы мүмкін екені айтылды. 1,3 және 6 сыныптың оқушылары екі тоқсан бойы сабаққа қатыспаған. Осыдан бір апта бұрын ғана облыстық білім басқармасының басшысы енді мұндай мәселе болмас үшін жаңа ереже қабылданатынын айтты.

 Ләззат Оразбаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы:

1-қыркүйектен бастап келісімшарт орындалатын болады. Келісімшарт дайындалып, таратылып жатыр. Жалпы ата-аналардың міндеті және білім беретін, қызмет көрсететін мектептің міндеті көрсетілетін болады.

Ата-ана мен мектеп арасындағы мұндай келісімшарт еліміздің барлық мектебінде жасалмақ. Ал әлгінде айтқан 6 бала қазір қосымша сабақтар алып жүр. Олардың екеуі Шалқар ауданында болса, төртеуі Ақтөбе қаласынан. Төртеуі де бір мектепте білім алады екен. Мектеп басшысының сөзінше, ішкі тәртіпке бағынбай, балаларын өзге қалаға оқытамыз деп алып кеткендер де болған. Бірақ қабылдамаған соң, амалсыз қайтып келген. Қазір айлап мектеп көрмеген қыздар қосымша сабақ алып жүр. Дегенмен қазірдің өзінде екеуінің келесі сыныпқа көшпейтіні белгілі болды.

Сәуле Баймағамбетова, №31 мектеп директоры:

4-тоқсанның, жылдық бағаны шығару үшін біз осы майдың 16-сынан бастап қазіргі таңда оқытып отырмыз. Жеке оқығаннан кейін орамалдарын шешіп отырады. Бірақ на самом деле олар орамалдарын шешкісі келмейді. Ата-аналарының пиғылы да сондай.

Қазір өңірде Дін істері және азаматтық қоғам министрінің пікірі кең көлемде талқыланып жатыр. Аталған сала мамандары «Дін жолындағыларға тек талап қойғаннан мәселе түбегейлі шешілмейді», деген пікірді жақтайды.

Жолдас Қалмағамбетов, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы:

Министр мырза өз сөзінде «Біз тыйым салумен қатар оларға керісінше, ұсыныс та ұсынуымыз керек, тек талап емес, басқа да жолдар, бағытты көрсетуіміз керек», - деген болатын. Мәселен, ол қандай болуы керек деген сауалдарға, үйден оқыту мәселесі, қашықтықтан оқыту мәселесі немесе арнайы мектеп ашу мәселелерін Дін істері министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі қазір талқыланып жатқанын айтып кеткен болатын. Нақты бұл мәселелер жөнінде шешім жоқ, әзірге.

Жаңа жүйе енгізілер болса, онсыз да мұрындарынан шаншылып жүретін мұғалімдердің жұмысы көбейетіні анық.  Дегенмен сала мамандары министрлік қабылдайтын шешімдерді орындауға әрқашан дайынбыз, дейді.

Гүлназ Мырзағалиева,  Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Бұл жерде мәселе мектеп формасына қатысты болғандықтан өзімнің жеке пікірім, бұл қашықтықтан оқытудың номативтік актісіне жатпайды. Қашықтықтан тек экстренный және үйден оқытылатын науқастарға байланысты деп көрсетілген. Егер министрлік тарапынан заңдастырылатын болса, білім бөлімдері, білім беру ұйымдары ол нормативтік актілерді орындауға дайын.

Алайда қашықтықтан оқыту мен үйден білім беру бізге керек емес, дейтіндер де бар. Тіпті әлі күнге дейін қызын мектепке орамалсыз жібермеймін деп отырған ата-аналардың өзі жаңа жүйені мақұлдамайды. Солардың бірі бізбен бетпе-бет кездесуден қашқанмен, телефон арқылы сұқбат берді. Ол «орамалға қатысты әлде де нақты заң керек» дегенді де айтып қалды...

Телефон арқылы: Аққанат Жұмабаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Мысалы, еш жерде заң жоқ қой, бала орамалды шешіп кірсін деген. Ал шешкізді, шешкізгесін тағатын балалар азайып кетті... Баланың өзінің барғаны жақсы, ортаға. Көзбен көреді, оқиды, түсінеді. Дистанционды үлкейгенде болмаса. Балаға көп нәрсе жетіспейді. Баланың көргені жақсы. Көзімен көріп, құлағымен естіп, қолымен ұстағаны жақсы. Тез дамиды.

«Жаңа ереже қабылданар болса, ендігі жерде тек денсаулығына байланысты ғана емес, діни және басқа да жеке көзқарастарын алға тартып, үйден оқитындар көбеюі әбден мүмкін». Бұл ардагер ұстаз  Амангүл Бектұрлинаның пікірі. Ол жұмыс істейтін нөмірі 56-ыншы орта мектепте үйден білім алатын үш оқушы бар екен. Үшеуі де денсаулығына байланысты жұрт қатарлы мектепке келе алмайтындар.

Амангүл Бектұрлина, №56 орта мектептің мұғалімі:

Ондай проблема, көп болып кетеді деген де ой бар. Бірақ соны дұрыстап қарау керек. Рұқсат берсе басшыларымыз, министрлік, оқытамыз енді... Балалардың білімі болуы керек қой. Қандай болса да, бала.

Ал кейбір мамандар «Бізге интернет-мектеп қажет», - деген пікірде. Бұл жерде әлемдік тәжірибелер назарға алынуы тиіс. Мұндай мектептер алғаш рет 90-ыншы жылдардың ортасында АҚШ-та пайда болып, көп елдерге тараған. ТМД аумағында ол жүйе Ресей, Белорус, Молдова мен Өзбекстанда бар.

Александр Колесников, психолог:

Әлемнің көптеген елдерінде «интернет-мектептер» бар. Ресейде 3 миллион бала «Интернет-сабақ» жүйесіне қосылған. Олар  мектепке бара алмағанмен, өзгелермен бірдей аттестатын алады. Бұл жүйені Қазақстанға енгізсе, бірнеше мәселені шешер еді. Үздік мамандардың тәжірибелерімен бөлісуге де мүмкіндігі болады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір Ақтөбе қаласының өзінде 207 бала үйінен білім алып жүр екен. Олардың саны енді еселеп артуы мүмкін. Себебі дін істерімен айналысатын мамандар: «Алдағы оқу жылына дейін нақты бір шешім шығып қалады», - дейді. Яғни  денсаулық жағдайынан өзге себептермен де балалардың үйден білім алуына рұқсат беріледі немесе қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілуі де мүмкін. Ондай жағдайда мұғалімдердің жұмысы көбейетіні түсінікті. Әрине, олар «жоқ, бұл дұрыс емес» деп табандап тұра алмайды. Сондықтан қашықтықтан оқытудың барлық қыры жақсылап ойластырылып, қосымша қаржы бөлінбесе, бұл мәселеде айналып келгенде мұғалімдердің құқы шектеледі... 

Жақсыбек Кемал, Нүркен Жалмұхан «Біздің уақыт».