Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Ұлттық банк "7-20-25" бағдарламасын бекітті

AstanaTV
19.06.2018ж. 20:00
4017
Ұлттық банк "7-20-25" бағдарламасын бекітті

Ұлттық банк "7-20-25" бағдарламасының талаптарын бекітті. Қазақстандықтардың баспана мәселесін шешуі тиіс жеңілдетілген несие жақында беріле бастайды. Әзірге қай күннен бастап несие рәсімдеуге болатынын айтылмады. Ипотека алудың шарттары қандай, оны кімдер ала алмайды? Қандай банктер арқылы пәтер рәсімдеуге болады? Әріптесім Олжас Нұржақып анықтауға тырысты.

«7-20-25». Аты айтып тұрғандай бағдарлама арқылы баспаналы болғыңыз келсе, 25 жылға 7 пайызбен несие рәсімдейсіз. Ал алғашқы жарна сатып алатын үй құнының кемі 20 пайызын құрауы керек. Ал талап қарапайым. Тұрақты жұмыс орны мен табыс көзі. Зейнетақы қорына соңғы алты айда түскен қаражат пен қажетті анықтамалар. Бірақ бастысы - басыңызда баспана болмауы шарт.

Қайрат Алтынбеков, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл бағдарлама бойынша тек қана жаңа үйлер болуы керек. Үйдің бағасы 25 миллионнан аспау керек. Ол Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында. Және де басқа өңірлерде 15 миллионнан аспау керек. Бағдарлама бойынша әрбір қазақстандық үй алуға мүмкіндігі бар. Бірақ оның табысы болуы тиіс. Және де оның атында үй болмауы тиіс.

Бүгін ғана бекітілген бағдарламаның операторы Ұлттық Банктің еншілес компаниясы. Яғни «Баспана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы. Ондағылар екінші деңгейлі банктерге көзделген қаражатты бөледі. Ал банктер тұрғындарға ипотекалық несие рәсімдемек.

Дей тұрғанымен бағдарлама бірден жүзеге аспайды. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мысалға осы жылы несие рәсімдеуге 100 миллиард теңге бөлінсе, 2022-ші жылға дейін бұл сомма 3 жүз миллиардқа дейін өспек.

Экономист Меруерт Махмұтова  аталмыш бағдарламаның іске қосылуы қазақстандықтарды тек баспанамен қамтып қана қоймай, экономикамыздың ілгерілеуіне де үлкен серпін береді дейді.

Меруерт Махмұтова, экономист:

Осы бағдарлама құрылыс компанияларының сатуына біраз жол ашады деген үміт бар. 100 млрд теңгеге баспана шығарады. Сол облигацияларды банктер алады. Сондықтан бұл облигация арқылы құнды қағаздар нарығын біраз ем салады дегендей үміт бар. Ол үшіншіден. Енді төртіншіден бұл банк секторына да қаржыландыру.

Ал жергілікті тұрғындардың кейбірі бағдарлама туралы хабары болмаса, көбі жеңілдетілген ипотеканың жылдам іске қосыларын күтіп жүргендерін айтты.

7-20-25 бағдарламасын естідіңіз бе?  Жоқ.

Көпшіліктің жинап отырған ақшасы жоқ. Оның үстіне әркім керемет айлықта отырған жоқ. Көбісі орташа айлықта. Соған ипотека берілгеннен кейін тем более 10-20 жылға көбісіне тиімді болар еді.

Олжас Нұржақып, тілші:

Ұлттық банктегілер, сондай-ақ, әзірге қандай банктерді бұл бағдарламаға қатысатындықтарын айтқан жоқ. Өйткені несиелік рейтингісіне сай әлі де іріктеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Ал бүгін бекітілген бағдарламаға байланысты мобильді қосымша іске қосылған. Тұрғындар көкейдегі сауалды онлайн түрде қойып, жауап ала алады.