Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматы облысы Талғар ауданында ауыз су бағасына қатысты наразылық туды

AstanaTV
19.06.2018ж. 20:00
5008
Алматы облысы Талғар ауданында ауыз су бағасына қатысты наразылық туды

Жақында Алматы облысының Талғар ауданындағы 18 елді мекенде су ақысы 50 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Табиғи монополияларды реттеу департаментіне аймақтағы су жеткізуші мекемеден осындай ұсыныс келіп түскен. Бұған дейін Еламан ауылының халқы бір шаршы метр су үшін 106 теңге төлеп келсе, енді ол 177 теңгеге өсуі мүмкін. Мұны естіген халық наразылық білдірді. Су мекемесінің жұмысына көңілі толмайтын жұрт оларға артық ақша төлеуге қарсы. Ришат Асқарбекұлы тараптарды тыңдап келді.

Халық коммуналдық қызметтерге бағаның жыл сайын көтерілгеніне бой үйреткен. Десе де Талғар ауданы Еламан ауылының халқы осы жолы монополистер тарапынан жасалып жатқан қысымға төзбек емес. Кеңес заманында Ветеринарлық институттың сынақ шаруашылығы ретінде құрылған ауылда қазір 200 түтін бар. Алматы іргесінде тұрған елді мекен халқы 2000-шы жылдары ауыз суды өз күштерімен үйді-үйге тартқан. Бірақ айтуларынша, соңғы жылдары «Су құбыры» мекемесі су желісін жеке баланстарына алып, халықтан әр текше метр су үшін 104 теңгеден қаражат жинауды жолға қойыпты.

Ердәулет Бейсәлиев, Алматы облысы Еламан ауылының тұрғыны:

Бұл ауылдың трубасын да қазып, жеріне дейін өз ақшамызды салып, өз еңбегімізбен суын жүргізген едік. Счетчик қойдық, пломбасын салдық. Сол арқылы ақшамызды төлеп отырмыз. Ешқандай қызметін көріп отырған жоқпыз. Алып отырған судың не фильтрі жоқ, не ол хлорланбайды. Ол безхозный сияқты, ақша жинағанды ғана біледі. Сондықтан бағаның көтерілуіне қарсымыз біз.

Монополистер тұтынушылар үшін тарифтің шамамен 50 пайызға көтерілетінін ескертіп отыр. Бірақ тұрғындар кәсіпорын өкілдері коммуналдық төлемдер жүйесін реттеп, қызмет көрсету сапасын жақсартуға асығар емес деп отыр. Тіпті биыл қыста үш ай бойы ауылдың су құбырлары қатып қалғанда, мекеме өкілдері көмекке келмеген. Есесіне тұтынбаған су үшін төлем квитанцияларын жіберуге қымсынбады деп налиды тұрғындар.

Байжан Нүсіпқожаев, Алматы облысы Еламан ауылының тұрғыны:

Контролер печать басып береді. Ал фискальный чек қайда, айтып жатыр ғой, цифрлы Қазақстан деп. Бәрін онлайн режиммен төлеу керек, ақша банкомат карточкасы арқылы жетуі керек дейді. Қайтіп төлейміз. Алматының түбінде тұрмыз, интернет те жоқ.

«Су құбыры» кәсіпорнының өкілдері халық саны жағынан әркелкі орналасқан ауылдарда баға әртүрлі дейді. Қазір ондағы судың әр текше метрі 45 пен 350 теңге аралығында көрінеді.

Азамат Айтжанов, «Су құбыры» кәсіпорнының бөлім басшысы: 

Мысалы, мына Еламан ауылына су құбыр арқылы келеді. Оған шығындар көп. Электр қуатына, жұмыскерлерге кететін ақша. Соның бәрін біріктіргенде, қазіргі мақсат - бір бағаға келтіру боп тұр. Табиғи монополияларды реттеу комитетіне 177 теңге 33 тиынмен ұсынып отырмыз. Қаншалықты бекітетінін білмейміз, соны халықтан сұрап жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ауыз су қорына ең бай Алматы өңірінде судың қымбаттауы халықтың наразылығын күшейтіп отыр. Облыстық табиғи монполияларды реттеу департаменті тараптарды тыңдап, 15 күн ішінде шешім қабылдауы тиіс. Оған дейін шенеуніктер мен су шаруашылығына жауапты мамандар  ауыл-ауылды аралап, қоғамдық тыңдау өткізетін болады.

Ришат Асқарбекұлы