$510.58 €571.8 ₽6.34
×

Биыл 102 мың түлек ҰБТ тапсырады

AstanaTV
20.06.2018ж. 20:00
3695
Биыл 102 мың түлек ҰБТ тапсырады

Бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Алғашқы күні еліміз бойынша 14 мыңдай түлек сынақтан өтеді деп жоспарланған. Министрліктің дерегінше, биылғы білім бәсекесіне дайындық тыңғылықты болған. Сұрақтардың барлығы қайта пысықталып, аудиториялар тестілеу сынағына сақадай сай әзір екенін де бірнеше рет айтқан. Тілшілеріміз емтиханның алғашқы күні әр өңірде қалай өткенін баяндауға дайын. Алдымен Астанадан Дәуренбек Бақдәулет сөз алады. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Иә, Оксана. Биыл 102 мыңдай түлек  ҰБТ тапсыруға ниет танытқан. Бұл  бітірушілердің 70 пайызға жуығы. Барлық түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайыз орыс тілінде, тағы 46 түлек ағылшын тілінде тест тапсыруға өтініш білдірген. Астаналық жеткіншектерге білім және ғылым министрі сәттілік тіледі. Түлектердің жанынан табылған бас ұстаз бірнеше кеңес те берді. Бұл күні ұйқы қанық, сана сергек, толқыныс болмауы керек дейді. 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Әр бала ҰБТ-ның сынамалық үлгісін 7-8 рет тапсырды. Балаларымыз дайын. Сұрақтардың көбі қиын емес. Балалар үлкен өмірге шығып отыр, жолдары ашық болсын.

Министрдің батасымен 3,5 сағаттық емтиханға кіріп кеткен түлектерді ата-аналары мен туыстары есік алдында күтіп тұрды. Тойға келгендей көңілденіп, билеп тұрғандар да бар. Ал, сынақты аяқтап шыққан түлектерді  ерекше қошеметпен қарсы алған жұрттың  көңіл күйі тамаша. Осыған қарағанда биылғы аура жақсы сияқты. Дегенмен уайым да бар.

Оңай болды деп айта алмаймын, бұрын кездеспеген сұрақтар болды. Қисынсыз сұрақтар да болды, бірақ ой өрісінен өткізіп, былай логикаға салып жазса, бәрі болады деп ойлаймын.

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:

ҰБТ әлі бірнеше күнге созылады. Ал, бүгін  тестілеуден өткендер нәтижеге көңілі толмаса, ертең-ақ апелляцияға өтініш бере алады. Сынақ қорытындысын білім министрлігінің сайтынан білуге мүмкіндік бар. Биылғы жылы студенттерге қосымша 20 мың оқу гранты бөлінгені белгілі. Сәйкесінше, тегін білім алуға мүмкіндік мол дейді министрлік өкілдері.  Ал Алматыда биылғы жылдың басты емтиханы қалай өтті екен?  Сөзді әріптесім Олжас Нұржақыпқа беремін. 

Олжас Нұржақып, тілші:

Иа,  Дәуренбек. Тестілеудің бірінші күнінде алматылық оқушылар да өз білімдерін сынады. Биыл шахарда 9030 бала мектеп бітірсе, оның 8200-і, яғни 80 пайызы, тест тапсыруға өтініш берген. Ал, бүгінгі алғашқы лекке 569 бала қатысып отыр.

Толқыған көңіл-күй, баласын күткен ата-ана. Алғашқы лек бір ғана университетте өткізілуде. 11 күнге созылған сынақтың бастапқы күні болғандықтан, уайым да, үрей де басым. Әсіресе сағаттап отырған ата-аналар алаңдаулы.

Аршагүл Асанбаева, ата-ана:

Ұйқы жоқ. Уайым, баламыз жақсы алып шықса екен, жоғары бал алса екен, әйтеуір өзінің таңдаған мамандығына түссе екен деген тілегіміз бар. Жақсы көңіл күймен кірді таңертең.

Оқушыларды бірнеше ай бұрын дайындадық, - дейді «Ұлттық тестілеу орталығының» филиал басшысы. Арнайы әзірліктер жасалып, тест тапсыратын балаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Содан болар бүгін барлығы таңмен келіп, тәртіппен орындарына отырыпты.

Жандос Құмғанбаев, ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК филиал басшысы:

Осы өтініш білдірген бірінші потокта 569 болса, соның, әрине, бірінші потокка бір ғана ағылшын тілінде тапсыратын талапкеріміз кірді. Яғни оның 300-ден астамы орыс тілінде, қалған 200-ге жуығы қазақ тілінде қазір тест тапсырды.

Ата-аналар балаларын экрандар арқылы онлайн бақылауға жағдай жасалған. Таңғы сағат 9-да басталған сынақтан оқушылардың алғашқы легі түске таяу  шыға бастады. Бірі күліп, енді бірі ой үстінде оқу ғимаратынан сыртқа ағылды. Соның бірі Әлішер Бейсенбайды сөзге тарттық.

Әлішер Бейсенбай, талапкер:

Басында қиын болды. Кішкене қысылыңқырап. Барынша тырыстық енді. Біраз балалар көңіл күйлері түсіп қиын болды. Түсінуге болады оны. Өз басым бәрі жақсы болды. Жақсы тапсырдым деп ойлаймын.

Олжас Нұржақып, тілші:

Жалпы бүгінгі сынақ айтарлықтай қиындықсыз өткен сыңайлы. Жауапты мамандар таңертеңгі тексеру кезінде түлектерден аудиторияға алып кіруге болмайтын бөгде заттар табылмағанын айтты. Біздегі бір күндік жағдай осы. Ал, Шымкентте білім сынағы қалай өткізіліп жатыр? Әріптесім өңірдегі жаңалықты жалғауға дайын. Айзада, сөз сізде.

Айзада Төребекқызы,  тілші:

Иа, Олжас, Ұлттық бірыңғай тестке Шымкент қаласы бойынша биыл 6236  адам қатысады. Бүгін басталған сынақ қаладағы екі бірдей жоғарғы оқу орнының ғимаратында өтті. Сынаққа қатысушылардың арасында ұялы телефон, шпаргалка секілді қосымша заттар алып кіруге тырысқандар да кезіккен. Бірақ арнайы тексеруден соң ол заттар  ішке жіберілмеді.

Алғашқы күні тестке 1511 бала қатысты. Таңғы сағат сегізде ұл-қызын ішке кіргізіп жіберген ата-аналар едәуір ұзақ күтуіне тура келді. Тест уақытынынан кеш басталған. Сыртта тақымын қысқандардың күдігінен гөрі үміті басым.

Кеңес Жақиябеков, Шымкент қаласының тұрғыны:

Немеремнің жоғары балл алып, грантқа түсіп, өз мамандығының иесі болуына тілектес болып келіп тұрмын. Жоғары балл алып жүрді, 120-дан жоғары балл алды. Енді  Алладан сұрап отырмыз, мүмкіндігінше, 140 болса, тіптен жақсы. 

Сынақ түскі екіге дейін созылды. Төрт сағат ішінде 11 жыл бойы алған білімін дәлелдеп шыққандардың айтуынша, өздері дайындалған сұрақтарының тең жартысы келмеген сыңайлы. Психологиялық дайындық мықты дегенмен қобалжығандарын жасырмайды.

Сұрақтар енді қиын болды. Оқыған сұрақтарымыздан да келді басында. Бірақ әжептеуір қиын болды енді. Қазақстан тарихынан, мысалы, оқу сауаттылығы сияқты сұрақтар келді , ал ондайды біз өтпегенбіз. 

Барымызды салып тырыстық.-Қанша пайыз жауап бердің, өзіңнің ойыңша? -80-90 пайыз деп ойлаймын.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейін, аймақта сынақ тапсыру 27 маусымға дейін жалғасады. Ең соңғы күні облыс орталығына айналған Түркістан қаласының 290 бітірушісі  нүкте қоятын болады. Жалпы өңір бойынша биыл ұзын саны 22  417 түлек тест тапсырады.