Алматы облысында 16 жасар бойжеткен көз жұмды. Әзірге ақ халаттылар клиникалық тұрғыда менингококк инфекциясы деген диагноз қойған. Бірақ зертханалық нәтиже шыққан жоқ. Сондықтан нақты аталмыш ауру деп асығыстық танытуға болмайды, дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жүкел. Оның сөзіне сүйенсек, қайғылы оқиға өңірдегі Алакөл ауданында болған. Бойжеткен маусымның 19-ы күні кешкі сағат 10-нан аса ауыр халде аудандық ауруханаға түсіп, ертеңіне көз жұмған.
Ғалыммұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
Науқастың жағдайы өте нашар болғандықтан, жансақтау бөліміне жатқызылды. Бір тәулікке толмай аталған науқас қайтыс болды. Мұнда клиникалық диагнозы қойылғанымен, лабораториялық диагнозы қазіргі күнде нақты шыққан жоқ. Сондықтан бұл қыздың нақты менингококк инфекциясынан қайтыс болды деп айтуға қазірше келмейді.
Сондай-ақ, әкімдік өкілі бұған дейін
Талдықорған қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына маусымның 17-сі күні түскен
балалармен бұл оқиғаны шатастыруға болмайтынын айтты. Қазіргі таңда екі адам
мен 9 жастағы жеткіншектің жағдайы тұрақты. Үшеуінің де зертханалық тексеріс
нәтижелері шықпаған. Бірақ клиникалық көрсеткіштеріне сай менингококк
инфекциясы бойынша ем-дом көрсетіліп жатыр.
Айта кетейік, Алматы облысында дәл
осы менингококк инфекциясынан 3 адам көз жұмған. Алматыда 6 адам осы дерттен
бақилық болды.