«Атамекен» палатасы Үкіметтен бөлінетін болды. Өйткені кәсіпкерлер ұйымы мен билік арасындағы бесжылдық келісімнің мерзімі биыл аяқталады. Бұл туралы Астанада өткен палатаның 5-ші съезінде айтылды. Премьер-министр 5 жыл ішінде жыл немесе ай санап емес, күн санап өскен "Атамекенді" ата-анасы әлпештеп өсіріп жеткізген балаға теңеді.
Аяғына тұрып кеткен баланың түйсігі болса, ата-анасына қамқорлық жасайды, тірек болады. Бүгінде «Атамекен» - Үкіметтің тірегі. Бес жыл өтті. Енді біз өз өкілеттігімізді тоқтатып, қазақша айтқанда, «Атамекеннің» еншісін бөліп беріп, үлкен жолға шығарып отырмыз. Біздің айтарымыз, ақ жол!
Алайда бұл екіге бөлініп кету деген сөз емес. Яғни әріптестік жаңа келісімнің негізінде жалғасады. Съезд барысында Үкімет пен «Атамекен» арасында жаңа келісімге қол қойылды. Құжатқа сай ұйымның құрылтайшылар құрамында тек кәсіпкерлер ғана қалады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, бес жылда «Атамекенге» бизнесті қорғау бойынша 23 573 шағым түскен. Соның 40 пайызы оң шешімін тапты. Нәтижесінде 111,3 миллиард теңгеден астам сомаға кәсіпкерлердің меншік құқығы қорғалды. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2017 жылы 15 мың жұмыссыз азамат оқытылған. Оның 8 мыңдайы бизнес-жобаларын қорғап шықты. 3314 азамат жаңадан кәсіп ашқан. Биыл 30 мың адам оқытылады деген жоспар бар.