Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

АҚШ президенті Барак Обаманың Кубаға тарихи сапары

AstanaTV
26.03.2016ж. 20:00
1942
АҚШ президенті Барак Обаманың Кубаға тарихи сапары

Осы аптада АҚШ президенті Барак Обама Кубаға өзі айтпақшы «тарихи сапармен» барды.  2014 жылдың желтоқсанында ол Кубамен дипломатиялық және экономикалық байланыстарды қалыпқа келтіретінін мәлімдеген еді. Ал мұндай «мәссаған» дегізген мәлімдеме екі мемлекеттің Канадада және  Рим папасы Францисктің тікелей араласуымен Ватиканда болған құпия келіссөздердің нәтижесінде жасалғанын Би Би Си жазды. Обама Кубаны терроризмге демеуші елдердің қатарынан алып тастау, АҚШ азаматтарының Кубаға сапарлауына салынған тыйымды жұмсарту, қаржылық шектеулерді жұмсарту, телекоммуникациялық байланыстарды арттыру, ең бастысы –54 жылға созылған сауда эмбаргосын алып тастауға күш салуды жоспарлаған. Екі мемлекет былтыр бір-бірінде елшіліктерін ашты.

АҚШ президентінің сапары түптің түбінде Куба Құрама Штаттарға «жау» болмайтынын көрсетеді. Енді бұл сапарды өзіне «Jorge Saint-Just» деп ник – лақап ат қойған блогердің Facebook парақшасындағы жазбасымен "өрнектейміз", ол ресей ақпарат құралдарының реакциясына анализ жасайды: «Ресей ақпарат құралдары үшін ең маңыздысы – Рауль Кастроның Барак Обамаға арқасынан қаққызбай, "намысын таптатқызбағаны» көрінеді.

Ал текетірестің аяқталғаны, екі мемлекет басшыларының мәлімдемелері маңызды емес сияқты. Обаманың  кубалықтарға экономиканы дамытуға көмектесетіндерін айтып, оны естіген Кастроның бас изеп, парламент мүшелерінің қол соққаны, тіпті  арқасынан қаққызбай қойғанның өзі зілсіз әзіл екені, екі мемлекет бейсболшыларының ойынын екеуінің шат-шадыман тамашалаулары, Обама стадионнан кеткенде, кубалық бейсболшылардың бас киімдерін шешіп, ілтипат көрсеткендері, Кастроның Обаманы шығарып салуы жоспарланбаса да, аяқ астынан әуежайға барғаны, тағысын тағы, детальдар ресейлік ақпарат құралдарында айтылмады. Олар үшін бастысы – Кастро арқасынан қаққызбады. Қалғандарын білудің қажеті қанша, қуанышты су сепкендей басады ғой»,- деп ирониялайды Jorge Saint-Just.

Айтпақшы Американың бірінші ханымы Мишель Обама Гавана әуежайына қонғандарында траптан венесуэла-америкалық дизайнер Каролина Эррера тіккен сарафанмен түсті. Украиннің ұлттық киімі – вышиванканы еске түсіретін...

Ал Кубадан кейін Аргентинаға барған АҚШ президенті Барак Обама Буэнос-Айресте Аргентина президенті Маурисио Макридің қабылдауында аргентиналық танго биледі,- деп хабарлады Ассошиэйтед Пресс агенттігі.

Америка президенті басында биге шақырған бойжеткенмен билеуден бас тартқан, алайда кейін келіскен. Мишель ханым  бұл кезде басқа бишімен билеген.

Тағы бір деталь – Гаванаға атақты британдық рок-топ The Rolling Stones барып, концерт қойды. Тегін. Бұл да Кубаның «коммунизм елесінен» айырылатынына нұсқайды.