Ақау қаласының маңындағы Приозерный кентінің тұрғындары ауыз сусыз қалды. Олар бұған су тасымалдаушы компанияны кінәлап отыр. Кентті сумен қамтитын «МАЭК-Қазатомпром» серіктестігі делдал «Ақтау Тұрғын Үй» фирмасының қарызы үшін шүмекті жауып тастаған. Алайда компания болса, тұтынушылар судың ақысын төлемей отырған көршілерінің кесірінен жапа шекті дегенді алға тартады. Тұрғындар осыдан жарты жыл бұрын «Ақтау Тұрғын Үй» компаниясы келісімен кентте ауыз су тапшылығы байқалғанын айтады. 300 отбасы тұратын елді мекенге бұрын онсыз да сыздықтап келетін су тіпті тамшылап ағатын болған. Шарасыз жұрт ас-су әзірлеу үшін 19 литрлік бөтелкедегі су сатып алуға мәжбүр.
Мария Божерина, Приозерный кентінің тұрғыны:
Мен 75 жастағы қариямын. Бақша отырғызып, тамағымды асыраймын. Енді кішкентайынан өсірген ағаштарымды балтамен шауып тастауым керек пе? Бәрі қурап қалды.
Бүгінде «Ақтау Тұрғын Үй» компаниясының қамтитын «МАЭК-Қазатомпром» серіктестігіне қарызы 35 миллион теңгеге жеткен. Бұл фирма қызмет көрсететін 3 елді мекенге жеткізілген ауыз судың ақысы. Қарыздың көптігіне байланысты екі компания өзара келісіп, арнайы кесте арқылы ақшаны бөліп төлеуге келісіпті.
Амалбек Айдалиев, «Ақтау Тұрғын Үй» КМК бас инженері:
Бұл тек Приозерный ғана емес, Өмірзақ
және Приморский кенттері тұрғындарының алдыңғы жылдардағы қарызы. Суды
тасымалдайтын біз. Биылғы жылдың өзінде
10 миллион теңге берешектері бар. Жартысы төлеп, жартысы су ақысын
бермегендіктен, осылай жиналып қалады.