$520.93 €609.07 ₽6.68
×

«Ойынпаз болма әрнеге». Бейнеойынға тәуелділік – науқас болып есептелмек.

AstanaTV
23.06.2018ж. 20:45
4545
«Ойынпаз болма әрнеге». Бейнеойынға тәуелділік – науқас болып есептелмек.

Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бейнеойындарға тәуелділікті «науқастар тізіміне» енгізді. Халықаралық классификацияда «адам уақытының көбін ойынға арнап, ойынды қалған мүдделерінің бәрінен жоғары қойса», оны «науқас» деп санау керектігі жазылған. Мамандар Қытайда қолданатын тәсілдерді санамалайды: еңбекке жегу, әскери ойындар, тіпті клиникаға жатқызып, тыныштандыратын екпе салу... Расында, соңғы жылдары Қытайда тұрмай, тәуліктеп ойнаған бірнеше адамның жүрегі тоқтап қалған. 2015 жылы Башқұртстанда да 17 жастағы бозбала жүрегі ұстап, өліп кеткен – ол да ұйықтамай, тамақ ішпей ойнайтын болған. Компьютерлік ойындардың адамды тәуелді етіп қоятыны солай, талай жанның өмірінің мағынасы ойын болып қалған. Олар виртуалды әлемде өмір сүреді. Мамандар жағдайы онша емес отбасындағы балалар ойынқұмар болып кететінін айтады. Ал «онша емес» деп тұрғаны, ішкілікке салынған немесе «әлеуметтік жағдайы нашар» деген емес, онша емес деп тұрғаны – балаға қарамайтын, бала өзімен өзі өсе беретін өсімдік деп қарайтын отбасы...Әрине, гаджетте ойын ойнайтындардың бәрі «ауру» деген сөз жоқ, дәрігерлер оны «анда-санда шарап ішетін адамның маскүнем еместігі сияқты нәрсе» деп, түсіндіреді. Бірақ адамзаттың ми қабілеті артқан сайын, «зомби» сияқты кейпі де артатыны... Ришат Асқарбекұлы жалғастырады. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы видео ойынға тәуелділікті науқастар санатына жатқызбақ. Бұдан былай күні-түні ойын залдарынан шықпай немесе ойынға ұтыс тігетін адамдар психологтарға ғана емес, ресми медицина мамандарына жүгіне алады. Ұйымның аурулар каталогында енді ол «өлімге соқтыратын ауру» деп көрсетіліп, жаңартылған халықаралық классификациядағы 55 мың аурудың қатарына енді.

Женевадан жеткен құжатта халықаралық науқас түрлері  классификациясына кірген компьютерлік ойындарға тәуелділік адамның орталық жүйке жүйесін зақымдайтыны айтылады. Саналы ғұмырының едәуір бөлігін осындай ойынмен өткізетін адамға «ойынға тәуелді» деген медициналық диагноз қойылады. Ол науқас 12 ай бойы дәрігерлердің бақылауында болып, емдеуге зәрулік байқалса, «ауру» деп танылады.

Дастан Оразалы Алматыға Шымкенттен келіп, Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетте білім алған. Бірақ мамандық бойынша емес, өзі 18 жастан бері әуестенетін «Дота» компьютерлік ойындарының арқасында ақша табамын дейді. Кибер спортпен айналысатын команданың мүшесі. Ол енді өзін Алматыдағы таңдаулы геймерлер қатарынан көргісі келеді. 

Дастан Оразалы, геймер:

Аптасына бір рет, екі рет компьютер клубтарына барып ойнайтынмын. Көп ойнаған соң шеберлене бердім. Осындай турнирлерге қатысып көрейін дедім, көбірек ойнай бастадым. Екі ай бұрын осы командаға  шақырды. Жақында турнирлерге қатысамыз.

Адам бұл ойынға бірер сағатын арнап, оны стресстен құтылатын уақытша ермек деп қарағаны жөн, дейді кейіпкеріміз. Бірақ тұмшаланған қараңғы бөлмеде, «атыс» ойындарының қызығына батқан жастардың әрекеті ермекке ұқсамайды. Уақыттары тоқтаусыз жаттығумен өтіп жатыр. Елеусіз жерде, мыңдаған пәтерлердің бірінде отырған команда мүшелері 5 адам. Айлық жалқылары 100 мың теңге. Ал турнирлер мен жарыстарға қатысу үшін келіссөздерді арнайы менеджерлер жүргізеді, дейді Дастан.

Дастан Оразалы, геймер:

Психологтардың айтып отырғаны, ол-компьютерлік клубтарда ойнайтындар туралы. Өз басымда болған ол. Азаннан кешке дейін үй көрмей, ұйықтамай, тамақ та ішпейсің. Меніңше соларға қатысты. Біздің көзқарас жұмыс ретінде қарау, спорт ретінде. Белгілі бір жаттығатын, демалатын, тамақтанатын уақыты бар. Күнделікті режимді құрып, ойнаймыз.

Десе демамандар мұндай жастарға мониторды тастап, бірауық психиатрға бару артықтық етпес еді, дейді. Алматыдағы «анонимдік кабинет» деп аталатын орталықтың иесі Тимур Мұстафаевтың негізгі клиенттері - ойынқұмарлар. Айтуынша, психиатрге тәулігіне 6-7 адам жазылып, консультация алуға келеді.

Тимур Мұстафаев, психиатр дәрігер:

Компьютер ойнайтын жігіттерді қарасаң, олар бәрін білетін сияқты. Эрудированный дейді ғой. Бірақ оның терең миы жоқ, терең ойлай алмайды олар. Аналитикалық терең  ойлау жоқ, сырттай эрудиялық көзбояушылық бар. Оларды ертең жауапкершілік, отбасы, жұмыс күтіп тұр. Ондай адамдар одан қашады. Себебі олар «есірткіге» кіріп кеткен, сол себепті уақытында емдеген дұрыс бәрін.

Жаңа ғана көрсеткен Дастанды «науқас» деуден аулақпыз. Десе де білім жинап, отбасын құратын уақытты виртуалдық әлемде өткізу - қасірет. Соңғы уақытта бұған қазақ балаларының да шырмалып жатқаны өкінішті, дейді дәрігер.

Тимур Мұстафаев, психиатр дәрігер:

Мысалы, шетелде бір жылдан бастап үш жылға дейін емдейді. Компьютерге тәуелділікті. Біреулер айтады интернетте, бір айда емдеймін, бір сеансата емдеймін дейді. Оның бәрі өтірік. Ол ауру- есірткі, наркотик. Одан абайлау керек. Мысалы, қарасаң үш жастағы қызға планшет үстатып қойған. Өздері супермеркетте қыдырып жүреді. Одан енді оны алып көр, берер ме екен?!

Өздерін «геймер» деп атайтын компьютерлік ойынға құмартушылардың арасында сайыс өткізу де сәнге айналған. Бәске қомақты қаражат тігіледі. Танымал жоғарғы оқу орындарының бірі биыл осындай жарысты 4-ші рет өткізіпті. Ұйымдастырушылар кибер-спортты білімге, әрі инновацияға жетелейтін жол деп қарайды. Онымен әуестенушілердің жыл сайын артып келе жатқанына «қуанады».

Әлішер Дүйсеков, кибер-спорт сайыстарының ұйымдастырушысы:

Жалпы, көптеген ойындар бар. Соның ішінде ерекше тараған түрлері: «контрстрайк» және «дота-2» деп аталады. Мен онымен әуестенетіндердің нақты санын айта алмаймын. Статистикалық  мәліметтер платформасынан байқағаным, Қазақстанда  жүз мыңдаған адам ойнайды. Аудитория өте үлкен, сондықтан біз осы ойындардан сайыстар өткіземіз.

АҚШ пен Еуропа елдері компютерлік ойын индустриясының бақылаудан шығып кеткенін айтып, әлеуметтік зерттеулерге қыруар қаражат жұмсап жатыр. Ал Жапония  «атыс ойындарына» әуестенушілерге жеке-жеке лимит беріп, шектеуге мәжбүр болған. Қытай тіпті арнайы лагерлер салып, геймерлерді күштеп емдеуге көшіпті.

Тимур Мұстафаев, психиатр дәрігер:

Бұл психотерапевтік проблема емес, бұл әлеуметтік ауру. Неге емделмейтінін түсініп отырсыз ба? Ол игровой бизнес. Ал игровой бизнеске бір отбасының шамасы келмейді. Бала сыртқа шықты болды, социум. Бәрін істейді, автоматтар тұр дүкенде, контора тұр. Достары күтіп тұр. Бұл әлеуметтік проблема. Сондықтан психолог 40-50 пайызы көмектеседі, ол тек толчок береді. Егер онда шамалы ақыл қалса, емделеді.

Елімізде компьютерлік ойындардан зардап шегіп, психиатрлық орталықтарда тіркеуде тұрған адамдардың белгілі бір тізімі жоқ. Себебі онымен ешкім айналыспайды, дейді мамандар. Көбіне отбасының ішінде қалатын проблема сөйтіп, әлеуметтік сипатқа ие болып барады. Ресейдің Башқұртстан аймағында  2015 жылы 17 жастағы жасөспірім 22 күн бойы тұрмастан ойнап, көз жұмған. Ал Шаңхайдың 24 шастағы азаматы үздіксіз ойынның кесірінен жүрек талмасынан қайтыс болған. Сол Қытайда 19 жастағы геймер тәуелділіктен құтылу үшін өз қолын өзі шапқан.

Тимур Мұстафаев, психиатр дәрігер:

Мен теледидар көріп отырғандарға айтарым, игромания, компьютерге тәуелділік, интернет тәуелділік, ол-ауру. Оны емдеу керек.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының осымен 11-ше рет басылып шыққан жинағында  ойынқұмарларды емдеудің әдістемелері жазылған. Ал оны тиімді емдеудің нақты жолдарын әлем дәрігерлері келесі жылы мамыр айында өтетін халықаралық конференцияда талқылайды. Женевадағы отырыста арнайы қарар қабылданып, «ойынқұмарлық» медициналық диагноз ретінде ресми тіркелмек.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».