Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Леша Ыстықкөлге жете алмады... Пойыз апаты туралы.

AstanaTV
23.06.2018ж. 20:45
1741
Леша Ыстықкөлге жете алмады... Пойыз апаты туралы.

Пойыз апаты туралы. Маусымның 17-де Астана – Алматы бағытындағы № 9 "Бәйтерек" пойызының 6 вагоны жолдан шығып кетіп, 3-і аударылып, 12 жастағы Алексей есімді жеткіншек қаза тапқан. Қарағанды облысында тұратын оның отбасы Ыстықкөлге демалысқа бара жатқан. Баланың әкесі Григорий Мальневтың журналистерге айтқандарын оқысаң... Олар әйгілі көл жағасында демалып қайту үшін ұзақ уақыт ақша жинаған. Леша «Әке, ұзақ жүріп келеміз, қашан жетеміз?» деп бала көңілмен асыққан. Олар тіпті төсек жаймасын өткізіп үлгерген екен. Қатты соққыдан бала тамбурға ұшып кеткен, үстін қиыршық тас басып қалған... Алыс сапарға бірінші рет шыққан отбасы діттеген жеріне жете алмай, үлкен ұлының денесін алып, Бұхар жырау ауданындағы Қушоқы кентіне қайтты... Шу станциясындағы ауруханаға зардеп шеккен 14 адам жеткізілген. Біреуінің тізесі сынған, қалғандары қатты күйзеліске түсіп, жеңіл жарақат алған. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев «жолаушылар пойызы мен жүк пойызы соқтығып, апат содан болған» деген болжамды жоққа шығарды. Эксперимент жасапты. Қазір апат себебін анықтап жатқан комиссия сол жердегі темір жол учаскесінің техникалық ахуалын қарап жатыр, деді.

Ал әлеуметтік желілерде адамдар темір жолдардың жаңартылмайтынын, осы саладағы мамандардың қысқартудан қысқартуға ұшырап, аз айлық алатынын жазып жатты. Тіпті темір жол арқылы жалпы елдің қалай өмір сүріп отырғанын көруші еді, олар бірақ жоғары билік өкілдері пойызға мінбейді де ғой, дейді олар. Мысалы, Азамат Битан есімді қолданушы манты-самса сатып жүрген әйелдер мен мұздай су саудалап жүрген ауыл балаларын айтып, министрлер соны көрсе«елдегі орташа жалақы 150 мың теңге деп айтпас еді», деген... Ал коррупция туралы айтқандар ұлттық компанияның ірі транспорттық - логистикалық компания екенін келтіреді. Оның басқаруында темір жол, теңіз, әуежай инфрақұрылымдары, көлік-логистикалық орталықтар бар екеніне тоқталып, сан алуан қызметтер көрсететін монополист екеніне нұсқап, -кеңес одағында салынған темір жолды әлі жаңарта алмай отыр, -деп жазды. Біз хабарласқан тәжірибелі теміржолшылар да зейнетке шықса да, апат себептеріне байланысты өз болжамын айтудан қашқақтады...