Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

АҚШ Жоғары сотының Трамптың жарлығын қолдаған шешімі халықтың наразылығын туғызды

AstanaTV
27.06.2018ж. 20:00
2747
АҚШ Жоғары сотының Трамптың жарлығын қолдаған шешімі халықтың наразылығын туғызды

АҚШ-тың Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың мұсылман елдерінің азаматтарына виза беруден бас тарту туралы иммиграциялық жарлығын заңды деп тапты. Бұл шешім Құрама Штаттардағы наразылықты күшейтті. Президент жарлығын діни кемсітушілік деп санаған тұрғындар оның демократияның басты қағидаттарын бұзғанын айтады. Олар осылайша бұл жарлықтың күшін жоюды талап етіп отыр. АҚШ-тың қырына іліккен қай мемлекеттер «қара тізімге» енгізілгені туралы.

Жоғарғы соттың шешімін естіген тұрғындар көшеге шығып, қарсылықтарын білдіре бастады. Вашингтон халқы Трамптың бұл жарлығын адамдарды «діни белгісі бойынша кемсітіп, алалау» деп санайды. Америкалықтардың сөзінше, президент азаматтарды діни сенім бостандығына қарап бөліп-жаруға көшпек. Ал Жоғарғы сот оған мүмкіндік беріп отыр.

Жоғарғы соттың шешімі ұнамады. Бірақ бұған таңғалмаймын. Халықтың 33% президентті, оның нәсілшілдік саясатын қолдайды. Шынтуайтына келсек, бұл тыйым - кінәсіз балаларды бір-бірінен бөлу. Дегенмен мұндай бассыздықты қолдамайтын 33 пайыздың барын ұмытпауымыз керек. Тағы 33% ұйқысынан оянып, көзін ашады деген сенімдемін.

Еліміз үшін  ұялып отырмын. Мұнымен келіспеймін. Пікірімді жеткізу үшін осы жерге келдім. Мұқтаж жандарға көмектесу мақсатында қолдан келгеннің барлығын жасауға тырысамыз.

Жарлықта діни ұстаным туралы айтылмаған. Жоғарғы соттағы 9 судьяның бесеуі Трамптың пәрмені заңды мақсатты көздегенін түсіндіруге тырысып баққан. Яғни құжат жан-жақты тексерілмеген мемлекеттердің азаматтарына елге кіруге тыйым салуды көздейді. Сондықтан дінді алға тартудың қажеті жоқ. Ал Ақ үйдің басшысы өз пікірін, әдеттегідей, Твиттер арқылы жеткізді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Президенттің АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қорғау мақсатындағы құзіретін Жоғарғы сот қолдады. Бейбіт адамдардың берекесін қашыруды көздеген халықаралық терроризм мен экстремизм күшейген. Осыны ескере отырып, біз елге келушілерді мұқият тексеруіміз керек. 

Осылайша Иран, Ливия, Сомали, Сирия, Йемен, Солтүстік Корея мен Венесуэладан келген азаматтар АҚШ-қа кіре алмайтын болды. Президент тағына отырған бір жарым жыл ішінде Трамп АҚШ-қа өтуге тыйым салатын жарлықтың үш нұсқасына қол қойды. Бірақ Құрама Штаттардағы сот билігінің жоғарғы органы соңғысын ғана мақұлдап, қолдау көрсетті.

Омар Джавдат, «Азаматтық еркіндікті қорғау жөніндегі америкалық одақтың» директоры:

Бұл шешім Құрама Штаттар мен шетелдердегі мыңдаған адамға өте ауыр тиіп отыр. Сот  азаматтардың еркіндігін қорғай алмады. Бірақ Конгресс бұған қарсы тұрып, күшін жоятын заң қабылдай алады. 

Бірақ жарлықтың күшін жою оңай емес. Америка заңына сәйкес, Жоғарғы соттың шешімі шағымдануға жатпайды. Әрі Конгресске үміт арту да бекер. Өйткені республикашылдардың сөзі жүріп тұр. Даулы жарлықтың күшін жоятын жалғыз-ақ жол бар, деп жазады The Guardian. Ол үшін елде жаңа президент тағайындалып, ол жаңа жарлық шығаруы керек. Сонда ғана қара тізімге іліккен елдердің азаматтарына ақ жол туады. Айтпақшы, бұл шешімді де АҚШ-тың Жоғарғы соты қолдауы керек.