$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Экологтар Атыраудағы Теңіз кен орнында жоспардан тыс тексеріс басталатынын хабарлады

AstanaTV
25.06.2018ж. 20:00
2278
Экологтар Атыраудағы Теңіз кен орнында жоспардан тыс тексеріс басталатынын хабарлады

Атыраудағы Теңіз кен орнында жоспардан тыс тексеріс басталады. Бұл туралы облыстық экологиялық департаменттің өкілі айтты. Тексеріске кеніштегі газ шығару оқиғасы себеп болған. Өткен сенбіде «Теңізшевроил» компаниясында дабыл қағылып, жұмыс жедел түрде тоқтатылды. Жұмысшылар қауіпсіз жерге шығарылған. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда құбырдан шыққан қою түтіннің ауаға тарап жатқаны анық байқалады.

«Теңізшевроил» компаниясы өкілдері атмосфераға газ қалдықтары шығарылғанын жазбаша түрде растады. Айтуларынша, жапа шеккендер жоқ. Ал аймақтағы экология департаменті мамандарының дерегінше, алпауыт компания бұл туралы хабарлауға асықпаған. Қадағалаушы орган өкілдері қоңырау шалып, жағдайды сұраған соң ғана, ресми жауап келген. Кешенді технологиялық желінің істен шығуына байланысты авариялық жағдайды болдырмас үшін газды алауға жаққандарын хабарлады.

Абзал Теміров, Атырау облыстық экологиялық департаментінің бөлім басшысы:

Ертеңнен бастап департамент мамандарымен жоспардан тыс жұмыстары жүргізіледі. Нақты болған жағдайлар, алауда жанған газдың құрамы, көлемі тексеріс уақытында анықталады. Егер де Экологиялық кодекстің Заң талаптары бұзғандығы анықталған жағдайда, Әкімшілік-құқық бұзушылық кодексімен айыппұл салынады

Айта кетейік, өткен жылдың мамыр айында "Теңізшевриол" компаниясында осындай жағдай орын алған еді. Нәтижесінде мемлекетке 300 млн теңге шамасында айыппұл төлеген болатын.