$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағандыда домбыралар көрмесі мен шеберлік сабақтары өтті

AstanaTV
02.07.2018ж. 20:00
4665
Қарағандыда домбыралар көрмесі мен шеберлік сабақтары өтті

Қарағандыда Ұлттық домбыра күні аталып өтті. Мұражайда ұлттық аспабымыздың көрмесі ашылды. Онда белгілі адамдарың қолы тиген домбыралар қойылған. Аспапты жасаушы қолөнер шеберлері де осында. Тілшіміз Айжан Қуаш ұлттық құндылығымыз дәріптелген мерекелік шараға қатысып қайтты.

Қазақтың қара домбырасының «құлақтан кіріп бойды алар»  тәтті үні әлемді мойындатқаны белгілі. Бүгінгі көрмеге осы киелі аспаптың өзіндік сыры бар ерекше түрлері әкелінген. Мысалы, мынау атақты Әбди күйшінің домбырасының көшірмесі. Қазақ өнерін дәріптегені үшін қудаланған тұлғаның аспабын ұрпақтары сақтап қалған.

Ертай Жәнібеков, күйші- этнограф:

Осындай домбыраны өздері жасап тартқан ғой. Мынау қойдың ішегі болған. Ал енді Әбди күйшілерді кезінде 30 жылдары қуғындап атқан екен. Содан қалған туындыларды ұстап қалған.

Сарыарқа даласындағы атақты шеберлердің қолынан шығып, атақты күйшілердің қолына тиген күміс көмей аспаптар бүгінде санаулы ғана. Солардың бірі және бірегейі сал- сері Сәкеннің қолы тиген домбыра. Қайролла Мәлікұлы қазіргі заман домбыраларының шебері. 15 жасынан бастап ұлттық аспап жасаумен әуестенген.Жыл сайын 50- 60 домбыра жасайтын Қайролла Мәлікұлы бүгін көрермендерге арнайы шеберлік сабағын өткізді. Қолөнерші жиналғандарға домбыраның ерекшелігін түсіндірді.

Қайролла Мәлікұлы, шебер:

«Кезінде мына домбыра деген дүниені Мағауия Хамзин жай ғана жаңағы мен тартып тұрған Тәттімбеттің «Көкейкестімен» дәлелдей салған ғой. Сонда мынаған 4- ақ аттама сияды, 9 атама емес, бірақ сол 9 аттамада ойналатындай ойналады».

Қала тұрғындары домбыраны қолдарына алып, шертіп көріп жатты. Ұлттық аспапты бұлайша дәріптеуді көпшілік қолдады.

Назерке Жартын, Қарағанды қаласының тұрғыны:

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра», - дейді ғой. Осы бүгінгі іс-шара  әр қала тұрғыны немесе музейге келушілердің домбыраны өз қолдарына ұстап, тартып көруге мүмкіндік туған ерекше шара болды.

Айжан Қуаш, тілші:

Халық үшін домбыраның орны ерекше болған. Қазаққа теңеу болып кеткен ұлттық аспап әлі күнге дейін әр шаңырақтың төрінде ілулі тұрады. Алғаш рет тойланғалы отырған Ұлттық Домбыра күні Қарағанды облысының барлық мұражайларында өтеді. Онда күй сайыстары мен ұлттық аспап тарихы мен ерекшеліктері кеңінен насихатталады.

Айжан Қуаш