Қазір Марат Ерназарұлы жүргізетін «Өзге пікір» айдары.
Ассалаумағалейкүм!
Шымкенттегі бір дәмхана «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың етін ұсынып, ешкімнен, ешнәрседен қорықпайтындарын көрсетіп отыр. Қуаныш Ақпаленов есімді азамат дәмханаға барып, ас мәзіріндегі «түрлі» етке таң қалған. Мәзірдің суретін әлеуметтік желіге салған. Қараңыз, дәмхана сирек кездесетін ақбөкен, бұғы және арқардың етін пісіріп береуге дайын. Тізімде жабайы шошқа, аю, борсық және қоянның да еті бар.
Пікірлер:
Барып тапсырыс беріп, прокуратураны шақыру керек.
Ақбөкен «Қызыл кітапқа» енгізілген. Аюлардың Тянь-Шаньдық түрі және арқар да қорғауға алынған.
Қылмыстық іс қозғауға арқардың өзі жетіп жатыр. Бірақ «egov.kz» арқылы шағым жазу керек, әйтпесе «Мәке-Бәкелер» істі жауап тастайды.
Мынадай еттің бағалары демократиялық екен...
Сирек кездесетін жануарлар жер бетінде бар кезде, олардың дәмін тату мүмкіндігі туыпты. Ал кеттік, арқарды жеуге.1000 теңгеден қосылайық. :)))
Мерекелер біткен соң, міндетті түрде прокуратураға хабарласамын. Мерекеде олар жұмыс істемейтін шығар.
Студияда жүргізуші: Қазақтың тойын шұбатылған тостсыз, кешігіп келетін қонақтарсыз, төгілген дастархансыз елестете аласыз ба?! Ал белгілі журналист, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев тойлардың форматын өзгертуді ұсынды. Клубтық жеңілтек музыканың орнына классикалық, ұлттық және қазақ эстрадасының әндерін қою керек. Бұл қаржыны үнемдеп, белең алып бара жатқан арзан «понттардан» құтқарады деп үміттенеді. Автордың сценариі қысқаша мынадай. Той қазіргі 5-6 сағаттан, бір жарым-екі сағатқа қысқарып, фуршет түрінде өтеді. Шақыру билетінде көрсетілген уақыттан кешігуге болмайды. Беташарда ең жақын деген 5-6 адамды таныстырып, қысқа қайырылады. Қонақтар атақ-дәрежесімен таныстырылады. Швед столы болғандықтан, қонақтар емін-еркін жүреді. Үлкен адамдар мен құдаларға ғана үстел қойып, табақ тартылады. Сыйлықтарын табыстау үшін меймандарға 2-3 минут қана беріледі. Тағам халал. Спирттік ішімдіктерді даяшылар таратады. Және үш реттен артық құймайды. Бұл ұсыныс әрине қазіргі дағдарыс кезінде өте орынды. Бірақ, той десе дарақылана шашылып, барын төгетін, жетпей жатса, несие алып шығындалатын қазақ бұған көне ме екен?!
Пікірлер:
Марат, мен саған 100% қосыламын! Інімнің баласы үйленгенде тостсыз той жасады. Керемет болды!
Асабаларды тәрбиелеу керек. Кейде айтқан әңгімелеріне ұялып отырамыз. Біз жолдасымызбен тура уақытында келеміз де, қалғандарын 2 сағат жүреміз күтіп.
Өте тамаша ұсыныс! Жүзеге асуына тілектеспін! Тек қана "қонақтардың атақ дәрежесін таныстырады" деген бапты алып тастасаңыз, деген ұсыныс бар... Себебі бұл ертең атақ жарыстыруға алып келуі мүмкін. Тағы бір жағынан, егер тойға 150 адам шақырылды десек, соның 100-ін арнайы таныстырсаңыз, жоқ дегенде 200 минут кетеді. Осы мәселе туралы ойланып көріңізші...
Той мысалы, сағат 16.00-ден 18.00-ге дейінгі аралықта болады деп, шетел елшіліктеріндегідей ескертіп, шақыру қағаздарын таратса болмас па еді. Бұл әрине, кейбіреуге түрпідей тиюі мүмкін, әйтсе де келе-келе жұрт соған да үйренер ме еді.
Студияда жүргізуші: Иә, біреу бастап, екіншісі қостаса, бәлкім «ас та төк» тойлардың дәурені өтер ме еді. Бізге пікір алуандығы маңызды. Пікір білдіруден шаршамаңыз! Өзге пікірге сіздің пікіріңіз керек!