$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елордада «Astana Finance Days» халықаралық қаржы конференциясы жалғасуда

AstanaTV
04.07.2018ж. 20:00
2518
Елордада «Astana Finance Days» халықаралық қаржы конференциясы  жалғасуда

Елордада «Astana Finance Days» халықаралық қаржы конференциясы жалғасуда. Мұнда  тіс қаққан сарапшылардың қатысуымен ірі-ірі форумдар өткізіліп  жатыр.  Әлемнің түкпір-түкпірінен келген  сарапшылар биржалық фондтарды талқылауда. Ал көрмеде инвесторларға  бизнесті жандандыруға қатысты түрлі цифрлық технологияларды  көрсетуде. Толығырақ келесі бейне материалда.

Астана халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуына санаулы сағаттар қалды. Конгресс орталықта ине шаншар орын жоқ. Әлемнің 40 шақты елінен жиналған 150-ге жуық спикер экономика, қаржы және ақпараттық технология жөнінде пікір алмасуда. Жиын барысында халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов бірқатар жаңашылдықтарды жеткізді.

Қайрат Келімбетов,  Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Пленарлық сессиясының ашылуында премьер айтқандай, жыл соңына дейін "сукук" деп аталатын ислам қаржы облигациялары басылып шығарыла бастайды. Бұған қатысты ауқымды жұмыс атқарылды. Алдағы 5-7 жыл аралығында біз жетекші азиялық қаржы орталықтары ретінде таныламыз деген сенім бар.

Инвесторлардың жұмысын барынша жеңілдету үшін соңғы технологиялық  жобалардың көмегіне жүгіну қажет. Яғни осы арқылы бизнесті жандандыру жоспарда бар. Орталықтың ресми ашылуынан кейін іске қосылатын арнайы портал жасақталған. 

Ааре Лапонин, Ақпараттық технологиялар департаментінің IT директоры:

Портал бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істейтін болады. Яғни компанияны тіркеу, оған лицензия алу, банктік есепшот ашу және салық декларациясын ұсынатын бақылаушылармен қарым-қатынас жасау. Бір сөзбен айтқанда,  мұнда  бизнеске қажеттінің бәрі қолжетімді болады.

Қаржы орталығының жұмысы халықаралық стандартқа сай екенін мұндағы сарапшылар да айтады. Өйткені инвестиция - бұл әрқашан да тәуекел. Және ол ақталуы тиіс.

Герман Греф,  Ресей Сбербанкі басқарма төрағасы:

Әлемде үкіметтің радикалды шараларға бару мысалдары соншалықты көп емес. Алғашқы қадам жасалды. Радикалды деңгейде құрылуға тиіс барлық шаралар қабылданды. Қазақстанның үкіметі де осындай қадамға барды. 

Қаржы орталығының жұмысына кіл мықты мамандар  тартылған. Атап айтсақ, халықаралық тәжірибесі бар заңгер - танымал Леди Барбара Джадж. Оның пікірінше, Астана халықаралық қаржы орталығын жарқын болашақ күтіп тұр.  Бұған  Қазақстанның Ресей мен Қытайдың ортасында орналасуы бірден-бір себеп.

Барбара Джадж, «АХҚО» қаржы қызметтерін бақылау комитеті директоры кеңесінің төрағасы:

Астана халықаралық қаржы орталығының екінші Шанхай биржасы атануына барлық мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Шанхайда бірнеше жыл бұрын болғам. Сол кезде биржа қазіргідей емес еді. Бірақ үкіметтің қажырлы еңбегінің арқасында көптеген ресурстар тартылды. 

Астана халықаралық қаржы орталығының серіктестері аты әлемге танымал  жетекші қаржы институттары болып табылады. Бұлар Шанхай қор биржасы, Сбербанк пен Яндекс. Астана халықаралық қаржы орталығы ертең ресми түрде ашылады. Оған бірқатар елдердің басшылары, сондай ақ Абу Дабидің тақ мұрагері  Мұхаммед бен Заид Әл-Нахайян да қатысады деп күтіліп отыр. 

Сабина Мәдиқызы