Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжарда науқастар тегін дәрі-дәрмек алу үшін кезекке тұрып жатыр

AstanaTV
10.07.2018ж. 20:00
2950
Қызылжарда науқастар тегін дәрі-дәрмек алу үшін кезекке тұрып жатыр

Петропавлдағы емханаларда науқастардың кезегі азаймай отыр. Түрлі дертке шалдыққан жұрт мемлекет тегін ұсынған препараттарды алу үшін ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Олардың дені - зейнеткерлер. Сағаттап тұрып шаршаған науқастар дәрі таратудың жаңа тәртібін енгізуді сұрайды. Абзал Құрманкиннің репортажы.

Мынау нөмірі бірінші емханадағы жағдай. Олар дәрі алу үшін кезекте тұрған халық. Любовь Еньшина 8 жылдан бері 3 бірдей дертке шалдыққан. Дәрі-дәрмекке мұқтаж зейнеткер соңғы кезде оған қол жеткізу оңай болмай тұрғанына налиды. 

Любовь Еньшина:

Кезекте тұрғаныма 2 сағат болды. Маған қан қысымы, қант диабеті мен қалқанша безінің дәрілері керек. Кеше компьютер істен шығып, барлығымыз үйге тарағанбыз. Енді қайта келіп тұрмыз.

Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, жұрт таң ата сала емханаға жиналып жатыр. Күніне мыңнан астам дәрі-дәрмек босатылуда. Алайда, кейде препараттар тұрғындарға жетпейтін көрінеді. Мәселен, жүрегі ауыратын Елубай Досжанов өткен айда кешігіп, артынша қапы қалдым дейді. Бұл жолы қала тұрғыны елден бұрын келіп, кезекке тұрған. 

Елубай Досжанов:

Өткен айда жүрдім сол, басқа дәрі заменитель алдым. Заменитель берді. Ал бір дәріге заменитель болған жоқ. Жаңа білдім, дәрі бар деді. Ал өткен айда болған жоқ. Жасыратын несі бар? Қайда кететінін білмеймін.

Қаладағы №3-ші емханада да жағдай осыған ұқсас. Сағаттап отырудан қажыған жұрт дәрімен қамту жүйесін өзгертуді сұрайды.

Клавдия Давыдова: 

Жасым сексеннен асты. Кезекте бірнеше сағат отыру оңай емес. Қарияларға тегін дәрі-дәрмектерді бір жүйемен таратуға да болар еді. 

Осыған дейін науқастар тегін препараттарды әлеуметтік дәріханалардан алып келген. Биылдан бастап бұл жүйеге өзгеріс енгізіліп, тұрғындар дәрі-дәрмектерді өздеріне тиесілі емханалардан алатын болды. Ұзын-сонар кезектердің қалыптасуы да содан, дейді дәрігерлер. Бірақ мекеме басшылығы дәріні таратудың тың жүйесін қолдап отыр.

Светлана Кашенцева, Петропавл қалалық №1-емханасының бас дәрігері:

Біздің ауруханаға 67 мың адам тіркелген. Оның 15 мыңы тегін дәрі-дәрмек алады. Біз олардың барлығын тегін препаратпен қамту үшін денсаулық сақтау басқармасына тапсырыс беріп отырамыз. Бірақ, әлеуметтік дәріханаларда дәрі берудің белгілі бір тәртібі жоқ. Сондықтан кейбір тұрғындарға препараттар жетпей қалатын. 

Абзал Құрманкин, тілші:

Науқастардың кезегін қысқарту үшін енді емхана басшылары тегін дәрілерді босатудың қосымша терезелерін ашуды көздеп отыр. Қазір медициналық мекемелер жаңа мамандарды іздестіріп жатқандарын айтты. Себебі препараттарды қарапайым дәрігер тарата алмайтын көрінеді. Бұл жұмысқа арнайы білім алған фармацевт қажет, дейді мекеме өкілдері.

А.Құрманкин