Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

БҚО-да аспаннан құлаған белгісіз зат ресейлік зымыранның бөлшегі болып шықты

AstanaTV
10.07.2018ж. 20:00
2742
БҚО-да аспаннан құлаған белгісіз зат ресейлік зымыранның бөлшегі болып шықты

Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданына аспаннан құлаған белгісіз зат - ресейлік зымыран бөлшегі болып шықты. Ақпаратты облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Мұрат Ермекқалиев телефон арқылы растады.

Мұрат Ермекқалиев, БҚО экология департаменті басшысының орынбасары:

5 шілде күні түнгі сағат 12-де Ресейдің Астрахань облысындағы Капустин-Яр әскери полигонынан ұшырылған зымыран бөлшегі Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына құлаған. Біз оқиға болған жерге өз мамандарымызды аттандырдық. Су мен топырақтан және ауадан көміртегі оксиді, күкірт, азот пен көмірсутегі секілді төрт түрлі ингредиент сынамасы алынды. Тексерген кезде радиациялық фонның қалыпты мөлшерде екендігі анықталды.

Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожиннің айтуынша, диаметрі 3 метр болатын бөлшек зымыранның жанармай құйған бөлігі. Оқиға орнына Ресейден де мамандар келген. Бірақ әскерилер бұл бөлшектің неліктен осы аумаққа құлағанын түсіндіріп бере алмапты. Тексерістердің нақты шешімі шыққан соң ғана, зымыран бөлшегі зарарсыздандырылады, деді шенеунік. Тексеру жұмыстарының қорытындысы бір аптаның ішінде белгілі болмақ.

Айта кетелік, мұндай жағдай батысқазақстандықтар үшін таңсық емес. Осыдан 4 жыл бұрын Бөкейордасы ауданындағы Шұңғай аулына да ресейлік «Капустин Яр» полигонынан зымыран сынықтары құлаған еді. Кейін оның метеозымыранға тиесілі екендігі мәлім болды.