Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Зейнетақы төлемдері кейбір банктердегі техникалық қиындықтардан кешіктіріліп жатыр - М.Әбілқасымова

AstanaTV
10.07.2018ж. 20:00
4645
Зейнетақы төлемдері кейбір банктердегі техникалық қиындықтардан кешіктіріліп жатыр - М.Әбілқасымова

Зейнетақы төлемдері кейбір банктердегі техникалық қиындықтардан кешіктіріліп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова осылай деп мәлімдеді. Елде бірінші шілдеден бастап базалық зейнетақы көлемі көтерілген болатын. Алайда кейбір зейнеткерлер оны екі бөліп алса, енді бірі бір бөлігі ғана аударылғанын айтып отыр. Мәселенің мән-жайын тілшілеріміз анықтады.

Алматылық Владимир Ефимов 35 жылдың еңбек өтілімен зейнетке шыққан. Оның зейнетақысы соңғы жылдары 82 мың теңгеге дейін өсіпті. Ал бұл айда базалық зейнетақының өсіміне байланысты одан да көп қаражат алуға үміттенген. Алайда бүгін оның есепшотына небәрі 28 мың теңге аударылыпты. 

Владимир Ефимов, зейнеткер:

Бүгін әдеттегідей зейнетақымды алуға келгенмін. Бірақ 28 мың теңге ғана түсіпті. Мұндағылардан сұрасам, зейнетақыны қайта есептеуге байланысты қаражат жетпей жатыр деп жауап берді. Уақытша осыны ала тұрыңыз, қалғаны кейінірек түседі деді.

Әлеуметтік желілерде де аз зейнетақы алғанын айтып, жазба қалдырғандар жетерлік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі аталған мәселеден хабардар. Мәдина Әбілқасымова техникалық қиындықтарға байланысты жекелеген қаржы инситуттарының әлеуметтік төлемдерді кешіктіріп жатқанын растады.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Зейнетақыны біз банктерге жібереміз. Бірақ ол бірнеше траншпен баратын болып отыр. Біз бұл тәсілді өзгертеміз. Цифрландыру бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Төрт түрлі пенсия бар бізде, енді олар алдағы уақытта банктің бір есепшотына бір төлеммен түседі. Бір күні төленеді. Осы жылдың екінші жартыжылдығында біз бұл жұмысты бітіреміз.

Осыған дейін барлық адамға базалық зейнетақы бірдей тағайындалып келді. Биыл 1-ші шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептеледі. Жаңа жүйеге сай, егер еңбек өтілі 10 жылдан кем немесе мүлдем болмаса, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын алады. Қазір оның мөлшері 28 мың 284 теңге. Демек, 15 мың 273 теңге зейнетақы алады. Ал еңбек өтілі 10 жылдан асса, әр жыл үшін 2% үстеме қосылады. 

Ризван Дараева, Алматы қаласы еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Мемлекеттік базалық зейнетақы ай сайын төленеді. Ол зейнеткердің негізгі алып жүрген зейнетақысына қосымша төленеді. Оның мөлшері жыл сайын республикалық бюджетке қарай белгіленетін төменгі күнкөріс шегіне байланысты. Ол өскен сайын, базалық зейнетақы да жыл санап өсіп отырады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Әлеуметтік қорғау департаменті мамандары зейнетақы саласындағы реформаларға орай техникалық ақаулар алда да болатынын ескертеді. Базалық зейнеатқыны қайта есептеуге орай туындаған сұрақтар бойынша әр зейнеткердің жағдайын жеке-жеке қарауға әзір. Ол үшін  зейнеткерлер жергілікті әлеуметтік қамсыздандыру орталықтары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруы тиіс.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ