$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Астанадағы аналар өліміне қатысты тәуелсіз тергеу жүргізбек

AstanaTV
11.07.2018ж. 20:00
3017
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Астанадағы аналар өліміне қатысты тәуелсіз тергеу жүргізбек

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Астанадағы №1-ші перинаталдық орталықта бала үстінде қайтыс болған үш әйелдің өліміне қатысты тәуелсіз тергеу жүргізбек. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы «Астана» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты. Оның айтуынша, бұдан бөлек жағдайдың анық-қанығын нақтылау үшін тамыз айында Израильден бір топ профессор келмек.

Камалжан Надыров, Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Қайғылы жағдайдың себебін білуге біз де құлықтымыз. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жүгініп отырмыз. Олар сарапшыларын жіберіп, тағы да тәуелсіз тергеу жүргізген соң өз ұсыныстарын айтатын болады. Дегенмен кез-келген ота, жалпы жүктіліктің өзі қауіп пен тәуекелден тұратынын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан, меніңше, бұған төтенше жағдай деп қараудың қажеті жоқ сияқты. Медицинада барлығы дәрігердің қолында емес. 

Аналар өліміне қатысты арнайы комиссия құрылып, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ол үшін тіпті перинаталдық орталықта жүкті әйелдерді босандыру тоқтатылған болатын. Бірақ санитарлық-эпидемиологиялық заңсыздықтар анықталмаған соң қызметін қайта жалғастырды. Айта кетейеік, соңғы екі жылда бұл орталықта бір де бір ана өлімі тіркелмеген көрінеді. 

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Астана телеарнасы