$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Атырауда жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы жемісін беруде

AstanaTV
24.05.2016ж. 20:00
1471
Атырауда жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы жемісін беруде

Атырауда жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы жемісін беруде. Аталған бағдарлама арқылы әсіресе жас мамандарды жұмысқа орналастыру жолға қойылған. Сондай-ақ жұмыссыз жүргендерге жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау көрсетілген. Аймақта мал, құс, бау-бақша шаруашылықтарын ашуға қызығатындар саны артып отыр.

Атырауда «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы үшін биыл бюджеттен 2 млрд 600 мың теңге бөлінген.  Бағдарламаның 3  бағыты арқылы 1500 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. 

Айлан Аймұрзаевтың жұмыс орнына кіру мүмкін емес. Бөгде адамдар кіруге болмайтын стратегиялық нысанда еңбек  ететін ол осыдан жарты жыл бұрын жұмыссыз жүргенін еске алады.  Дипломды қаржыгер  жұмыспен қамту бағдарламасының көмегімен жаңа маман иесі атанды. Қазір құбыр құрастырушы аймақтағы мұнай өңдеу зауытында қызмет етеді.

Айлан Аймұрзаев, құбыр құрастырушы:

Мен жарты жылдай жұмыссыз қалып, трудовой биржаға келіп, документтерді тапсырдым. Содан кейін Синопек деген компания шақыртып, оқытып, жұмысқа алды. Заводтың ішінде тұрбалармен жұмыс жасаймыз, трубалаларды монтаждаймыз.

Ал Ақнұр Жақсылықова - жол картасының  жастар тәжірибесі бағыты бойынша жолы болғандардың бірі.

Ақнұр Жақсылықова:

Жол картасы туралы мен бұрыннан білетінмін.  Сондықтан оқу бітірген бойда жұмыспен қамту бөліміне арыз тапсырдым. Бір айдан кейін  мені осы компанияға тәжірибеден өтуге шақырды. Мен бар білімімді салдым. Нәтижесінде мені  жұмысқа қабылдады.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, аймақта, әсіресе, жас түлектер екі қолға бір күрек сұрайды.  

Балдай Өтеғалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

Биыл 277 жастар тәжірибесіне жіберуге  жоспарлған болатынбыз, қазірдің өзінде 200-ге жуық жастар 6 айлық мерзімге жастар тәжірибесіне жұмысқа жіберілді өз мамандықтары бойынша. Көпшілігі, 50 пайыздан астамы, сол жұмыс орындарында тұрақты жұмысқа қалдырылып отыр. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен де қосымша қаражат сұрап отырмыз, себебі ынта білдірушілер көп болғандықтан.

Мына жұмыртқалардан 1 тәуліктен соң балапан жарып шығады.  Юрий Ким жұмыспен қамту бағдарламасының  - кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру бағыты арманымды орындады, - деп ағынан жарылды. 3 млн теңге несие алған  кәсіпкер құс пен бау-бақша шаруашылығын  дамытуды көздеп отыр. Кәсіпкердің әзірге  300-ге тарта қаз бен тауығы бар, олардың санын 4 мыңға дейін көбетпек. 

Юрий Ким, кәсіпкер:

6 пайызбен несие алдық. Бұл қиын емес.  Бір жыл демалыста болдық, тек пайыздарды ғана төледік.  Қазір айына 111 мың теңгеден төмендей береді. Екі жыл жарым төлейміз.  Бізге бұл өте қолайлы.

Аймақта аталған бағдарлама  басталған 2011 жылдан бері Атырауда  19 мыңға тарта адам жұмыспен қамтылған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ