$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Судьяларды басқа біреудің бизнесін тартып алу үшін пайдаланады - Ж.Асанов

AstanaTV
13.07.2018ж. 20:00
3293
Судьяларды басқа біреудің бизнесін тартып алу үшін пайдаланады - Ж.Асанов

«Кейбір судьялар тәуелсіз емес, тәуелді. Оларды пайдаланушылар көп». Жоғарғы соттың жартыжылдық жұмысын қорытындылаған төраға Жақып Асанов осылай деді. 
 
Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сот төрағасы: 

Мен нақты фактілерді айтып, фамилияларды атаймын деп уәде бердім. Судьяларды басқа біреудің бизнесін тартып алу үшін пайдаланады. Осылайша рейдерлік тартып алу жасалып жатыр. Сот төрағалары, көрмейсіздер ме? Сіздерді өзге адамдардың бизнесін алып қою үшін қолшоқпар қылып отыр.

Бұдан былай судьялардың күмәнді шешімдері бойынша ай сайын сараптама жасалады. Жоғарғы сотта қайта қаралған шешімдерге қатысты істер қылмыстық атқару органдарына беріліп отырады. Ал Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен билер сотын жандандыруды ұсынды. Ауылдағы құрметті қарияларды тартып, оқытып, би атандырып, дауларды шешуге жұмылдырсақ, соттардың ісі жеңілдер еді деген ойда Жоғарғы сот өкілдері. Судьялар сот шешімін дұрыс түсіндіру де көптеген даудың алдын алады деген сенімде.

Сара Қаракөзиева, Алматы қаласы Бостандық ауданының судьясы:

Тараптардың жанайқайы қаншалықты тыңдалды. Қара қылды қақ жарған шешім бе, жүректен шыққан шешім бе, судья адам тағдырын басшылыққа ала отырып, әділеттілікке жауапкершілікпен қарады ма, бәрі судьяға сот саласына деген - үлкен сынақ. Сот шешімін түсіндіруді дұрыс пайдалансақ, адамның жүрегін елжіретіп, мейірімділікке жол ашатын тиімді құралға айналдыруға болады.

Жоғарғы сот ажырасу фактілерінің көбейгеніне де алаңдаулы. Шайқалған шаңырақтардың санын азайту үшін сотқа дейінгі медиацияны қолдануды кеңейтпек. Қазақстанда бүгінде әрбір үшінші отбасы ажырасып жатқаны белгілі болды. Жоғарғы сот төрағасының кеңесші "әр отбасында орта есеппен 2 бала деп есептесек, жыл сайын 100 мың бала не әкесінің, не анасының мейірімінен айырлады" деді.