Аутизм және даунмен ауыратын балалардың қоғаммен тығыз қарым-қатынасы олардың тез дамуына айтарлықтай әсер етеді. Мұны «Education for All» инклюзивті білім беру орталығын ұйымдастырушылары тәжірбиемен дәлелдеді. Ерікті жастар осыдан бір жыл бұрын ерекше жеткіншектерді денсаулығында кінәраты жоқ қатарластарымен бірге оқытатын дамыту орталығын ашқан. Нәтижесінде балалардың ой-өрісі дамып, айналасындағылармен ашық араласатын жағдайға жеткен. Солардың бірі - 18 жастағы Аида Әбдіхалықова. Бұған дейін сөйлемеген бойжеткен орталық ашқан «КИТ» театрында өнер көрсетіп жүр.
Нұрдуман Айдосов, «Education for Аll» инклюзивті білім беру орталығының мұғалімі:
Біздің мектетің мақсаты - ол социализация. Бұл яғни балалармен бірге сөйлесу. Баламен бірге қарым-қатынас жасау. Сонда ерекше балалар ортада өмір сүргеннен кейін өмірдің қалай екенін көреді. Өздерінің жасындағы балалар қалай білім алып жатыр, қалай өмір сүріп жатыр.
Инклюзивті білім беру орталығында тіпті ағылшын тілі үйретіледі. Суреттегі бейнелерді жаттау арқылы аутизм, даунмен ауыратын балалардың есте сақтау қабілетін арттыру көзделген. Ал «Кит» театрында түрлі кейіпкерлерді сомдау олардың өзгелермен байланысын жақсартып қана қоймай, өздігімен қимыл-әрекет жасауына сеп болған.
Рабиға Дайырова, ата-ана:
«Кит»-ке барып жүргеннен кейін балам күліп, ойнап, ашылып балалардың арасында жүгіріп жүр. Өте қуаныштымын, осындай жас балалар уақыттарын бөліп, осындай кемтар балаларға қарасып, солардың ойларын тауып, бірге жүргендеріне көп-көп рахмет.