$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жер реформалары бойынша комиссияның Құқықтық тобы алғашқы отырысын өткізді

AstanaTV
25.05.2016ж. 20:00
1951
Жер реформалары бойынша комиссияның Құқықтық тобы алғашқы отырысын өткізді

Құрылымында бір пайыз болса да, шетелдік үлесі бар компанияларға Қазақстан жері мүлдем берілмесін. Бұл туралы Жер реформалары бойынша құрылған республикалық комиссияның құқықтық тобының алғашқы отырысында айтылды. Оның барысында жалға берілетін және аукцион арқылы жекеменшікке өтетін жерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заңдық тетіктерін талқылап, нақты ұсыныстар жасады.

Мәселен, Жер кодексіндегі мораторий жарияланған нормаларда 49 пайыз шетелдік үлесі бар компанияларға жерді жекеменшікке беру деген тұсы алып тасталсын деген ұсыныс айтылды. Комиссия мүшелері осылайша жердің өзге мемлекет азаматтарының қолында кетіп қалмауын қамтамасыз етпекші. Ал өз азаматтарымызға жер телімдерін ұзақ мерзімге жалға беру және сату нормалары өзгеріссіз қалуы тиіс.

Жұмыс тобының отырысында сондай-ақ шетелдік инвесторларға жерді жалға берген күнде сырттан жұмыс күшін тартуға шектеу қойылсын деген бастама көтерілді. Ал ең бастысы - жердің тілін білетін, қолынан іс келетін азаматтарға ғана берілуі тиіс.

Мұхтар Тайжан, Жер реформасы бойынша комиссияның құқықтық тобының жетекшісі:

Мысалға, жекеменшікке алған өзіміздің Қазақстан азаматы 10 жыл басқаға бермеу керек, сатпау керек. Өзі 3 жыл айналыспаса, онда үкімет ол жерді қайтып алады. Сосын жермен шаруа айналыспаса, мысалы, эррозия  пайда болса, онда шаруа ол жерді мемлекетке қайтаруға міндетті.

Мұхтар Тайжан бастаған топтың жер Қазақстанда туып өскен азаматтарға ғана берілсін деген ұсынысы бар. Бұл талап тек атамекеніне енді оралған қандастарымызға ғана қойылмайды. Ал топ мүшесі Бекболат Тілеухан жерді банкке кепілдікке қоймау керек деген ұсыныс айтты. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ