Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыда жаралы баланы кілемге орап тастап кеткен жүргізуші мен оқиғаны көрген-білгендер іздестіріліп жатыр

AstanaTV
17.07.2018ж. 20:00
2065
Алматыда жаралы баланы кілемге орап тастап кеткен жүргізуші мен оқиғаны көрген-білгендер іздестіріліп жатыр

Алматыда жаралы баланы кілемге орап тастап кеткен жүргізуші мен оқиғаны көрген-білгендер іздестіріліп жатыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан баласын әкесі әлеуметтік желіге жүктелген бейнеден таныған. Ал Қызылжарда аялдамада қағылған 6 адамның халі нешік? Тілшілеріміз мән-жайды анықтады. Қазір олар студиямен байланыста. Ришат, Алматыда бір күнде екі бала жол апатына түскен екен. Оқиғалардың мән-жайын баяндап берсеңіз.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Иә, Оксана! Өткен тәуліктегі екі оқиғаның бірі кеше түстен кейін «Ақкент» шағын ауданында болды.  Жазатайым жағдайдан қаза тапқан бүлдіршін бір отбасының үкілеген жалғыз перзенті болып шықты. Алаңсыз ойын баласын өзінің көршісі қағып кеткен.

Әлі мектепке де бармаған баланың туыстары бүгін оны ақтық сапарға шығарып салды. Оқиға күндіз елдің көз алдында, дәл мына жерде болған. Бүлдіршін азық-түлік дүкеніне барып, аулаішілік жолдан өте бергенде, көліктің астына түскен. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші тоқтап үлгермеген. Тұрғындар жүргізушілерге арналған аулаішілік жолдарда тиісті белгілер жоқ, ал түнде жарықтандырылмайды деп отыр. Қайғылы жағдай қайталанбас үшін тиісті органға шағымданбақшы.

Серікбол Сайлаубек, марқұмның көршісі:

Мына тұрған машиналар дұрыс тұрған жоқ. Ішкі істер министрлігі осыған назар аударуы керек. Мына жерге темірлер қойса, қоймас еді, кешегіндей оқиға болмас еді. Кішкентай бала өзіміздің баламыздай болып кетті. Көршіміз. Көрші ағамыздың бір-ақ баласы еді. Қырықтан асқанда көрген біреу еді, айырылып қалдық.

Ал кеше әлеуметтік желіні шулатқан екінші оқиғаға күдікті әлі табылмады. Үлкен Алматы айналма жолының бойында 5 жасар баланы қағып, оны кілемге орап, жасыруы мүмкін деген жүргізушіні полиция іздеп жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқан баланың туыстары кешелі бері аурухана есігін жағалап жүр.

Мұрат Асқароғлы, Алматы қаласының тұрғыны:

Мен жұмыста жүргенде әлеуметтік желіден бейнетаспаны көрдім. Ол жерден өзімнің баламды танып, есімнен адасып қала жаздадым. Оны жануар сияқты ағаштың қалқасына лақытырып кеткені жаныма батты. Көршілерім байқап қалып, көмекке келген. Енді оның өмірін сақтап қалу үшін арпалысып жатқан дәрігерлерге сенемін. 

Қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері науқастың бас сүйегіне 3 сағат ота жасаған. Ауыр жараланған бала есін жиғанымен, хәлі ауыр, дейді мамандар. 

Дінмұхамед Рузуддинов, Алматы қалалық №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Баланың жағдайы ауыр. Бас сүйегі үгітілген, ми клеткалары зақымданған. Операция оны қалпына келтіру үшін ұзаққа созылды. Басқа да мүшелері зақымданған. Қазір жансақтау бөлімінде, палатаға ертең шығарамыз.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ал қалалық ішкі істер департаментінің мына жазбаша таратқан ақпаратында бұл іс бойынша нақты қандай баппен іс қозғалғаны айтылмаған. Себебі жаралы баланы кілемге орап кеткен көлік жүргізушісі ме, әлде өзге күдікті ме, әзірге анық емес. Қазір полиция барлық болжамдарды тексеріп жатқанын айтады. Абзал, аялдамада тұрғында көлік қағып кеткен 6 адамның жағдайы қалай? 

Абзал Құрманкин, тілші:

Ия, Ришат, науқастардың жағдайы тұрақталды. Жансақтау бөліміне түскен әйел бүгін палатаға ауыстырылды. Оқиға Петропавл маңайындағы «Каскад» саяжай аумағында болған еді. Жол бойында кетіп бара жатқан «Тойота» маркалы көлік табан астынан аялдаманы соғып, автобус күткен адамдарды қағып кеткен. Аялдама ішінде отбасымен бірге тұрған Владимир Любимов апат кесірінен аяғын жаралап алды. Отағасы апат алдында көлік дөңгелегі жарылса керек, дейді.

Владимир Любимов:

Қасымда әйелім және балам болды. Тарс еткен дауыстан кейін аялдаманың ішіне көлік кіріп кетіп, мені және келіншегімді қысып тастады. Кейін маңайдағы адамдар бізді алып шықты. Көлік жүргізушісін полицейлер алып кетті. Ал көлікте болған жолаушы қашып кеткен сияқты.

Владимир ауруханада жатқан әйелінің хәлін білуге келген. Түрлі дене жарақатын алған 6 адамның үшеуі бала. Бір балақайдың аяғы сынған. Ал ауыр жарақат алған екі ересек адам қалалық ауруханаға жатқызылды.

Руслан Тасов, Петропавл қалалық №3 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Шілденің 15-нде бізге екі адам түсті. Ер адамның аяқ-қолдарының сүйегі сынған. Ал әйелдің денесінде кесілген жаралар болып, ол екі күн аурухананың жансақтау бөлімінде болды. Жас келіншектің халі жақсарған соң, біз оны травматология бөліміне ауыстырдық. Олар ауруханадан 10-12 күннен кейін шығарылады деп ойлаймыз.

Апаттан зардап шеккендер арыз жазғандарын айтты. Ал полицейлердің пайымдауынша, Тойота көлігі алдымен Лада темір тұлпарымен соқтығысып, кейін аялдамаға кіріп кеткен. Сондықтан жол ережесін бұзып, адам өміріне қауіп төндірді деген баппен іс қозғаған.

Нұрбек Баекин, СҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекші маманы:

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 345 бабының екінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы кейін анықталатын болады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Владимир Любимов көлік жүргізушісінің ата-анасы баласының ағаттығы үшін одан кешірім сұрағанын айтады. Алайда, жапа шеккен азамат айыпты тұлғаның заң алдында жауап беруін талап етіп, одан өтемақыны өндіруге бекініп отыр. Оксана.