Жекешелендіру жоспарын орындауға төрт министрлік кедергі келтіріп отыр. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет басшысынан көмек сұрады. Жекешелендіруге жататын 63 топ объектінің бүгінге дейін 15-і сатылды. Оның айтуынша, биыл 39 топ-нысан саудаға шығарылмақ. Алтауы бойынша қызығушылар табылған. Алайда тағы төрт нысанның құжаты әлі дайын емес көрінеді. Министрлік мемлекеттік органдарға бірнеше рет ескерткен. Биыл осы 4 нысанның сатылмай қалу қаупі бар,- дейді Сұлтанов.
Республикалық меншіктегі 4 топ объекті бойынша біраз проблемалар орын алып отыр. Оның себебі, кейбір мемлекеттік органдар сатуға шығару үшін қажетті шараларды және жекешелендіру жөніндегі комиссия қабылдаған ұсынымдарды орындамай отыр. Бұл Инвестициялар және даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері.
Айта кетейік, жыл басынан бері жекешелендіруге 89 нысан шығарылды. Оның 39-ы сатылып, қазынаға 36 млрд теңге түсті. Ал өтпеген 15 нысан жұмысын тоқтатқан.