$523.54 €546.47 ₽4.99
×

Соңғы қоңырау түзету мекемесінде де соғылды

AstanaTV
25.05.2016ж. 20:00
2688
Соңғы қоңырау түзету мекемесінде де соғылды

Бүгін елдегі жалғыз балалар колониясында да 14 бала үшін соңғы қоңырау соғылды. Алматыдағы ЛА 155/6 түзету мекемесінде 14 пен 18 жас аралығындағылар жазасын өтейді. Қазір мұнда аяқтарын шалыс басқан 54 жазасын өтеуші бар. Бүгін олардың бірнешеуі мектепті үздік аяқтады. Колониядағы бозбалалар үлгерімі неліктен жақсы болады? Айгүл Ермахан тарқатады.

Биік қамал. Темір тормен өрілген қоршаулар. Сырттан қарағанның еңсесін езетін түзету мекемесінің ішінде қайнаған тіршілік. Аяғын шалыс басқан мына 14 бозбала соңғы рет қоңырау үнін естігелі тұр. Көбісінің үлгерімі жоғары. Соның бірі - Хангелді. Бір жыл бұрын төбелеске қатысып, кісі өлімі болған. 10 жылға сотталған. Ендігі мақсаты - қоғамға зиянын емес, пайдасын тигізу. Бостандыққа шыққан соң білім алмақ.

Хангелді, жазасын өтеуші:

Өзім осы жаққа түскенде юридический оқып жатқанмын осы Алматыда.  Соны жалғастырсам деймін. Тек ғана бостандық  жетіспейді, әйтпесе бәрі жетеді. Істеген ісіме өкінемін өзім қатты. Кейін алда сондай қателіктерді жасамаймын деп үміттенемін. Жасамауға тырысамын. Ұстаздарға енді рахмет! Бізге  көмектескен, алға жетелеп жүрген бәріне рахмет!

Түрмедегі оқушылар барлық мектептегідей білім беру жүйесіне сай дәріс алады. Барлығы озат болуға тырысады. Бүгін мақтау қағазын алғандары да бар. Өйткені мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға оқу үлгерімінің де әсері бар.

Ертай Шәкенов,  ЛА 155/6 түзеу мекемесінің басшысы:

Қазіргі уақытта біз бұларды мерзімінен шартты түрде босатуға жіберген уақытта бұлардың мінезін ғана емес, бұлардың оқу үлгерімін қарап, біз мінездеме береміз соттың алдында. 18 жасқа келгеннен кейін сотқа жібереміз. Сот қарап, мысалы, бізде Қылмыстық атқару кодексі бар. Сол бойынша 21 жасқа дейін қалдыруға  болады соттың шешімімен.

Ал мұндағы мұғалімдердің көбі тәжірибелі. Олар ұстаз ғана емес, кейде ақылдарын айтып, аналық қызметті де атқарады.

Людмила Артемьева, ұстаз:

Осында 42 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Олар кәдімгі оқушылар сияқты мектепте оқи алмады, ата-аналарының да тәрбиесі жеткіліксіз болды. Сондықтан мен оларға қолымнан келгенше көмектескім келеді. Адам болған соң, жабырқайтан сәттері болады. Сондай кезде ақыл-кеңес сұрап келеді. Қолымнан келгенше қастарынан табылып, қолдау көрсетуге тырысамын.

Айгүл Ермахан, тілші:

Соңғы қоңырау үнін естіген колония азаматтары енді мемлекеттік емтихан тапсыруға дайындалмақ. Соның нәтижесіне қарай, орта мектепті тәмамдады деген куәлікке ие болады. Оның әдеттегі аттестаттан еш айырмашылығы жоқ. Бүгінгі маңызды күнде айыпталушылардың жанында жақындары бола алмады. Өйткені зонадағы тәртіп солай. Бірақ балалар күнінде ата-аналар үшін колония есігі айқара ашылады.

Айгүл ЕРМАХАН