Ауылдағы ауруханалар адам шошырлық жағдайда. Наразылықтарын жергілікті билікке жеткізе алмаған тұрғындар суреттер мен бейнетүсірілімдерді әлеуметтік желіге жүктеуге мәжбүр. Осылайша Алматы облысындағы Қаскелең, одан кейін Шелектегі ауруханалардың проблемасы белгілі болды. Ескі аурухана тұрмақ, жаңа мекемелердің де қирап жатқан жайы бар. Тілшілеріміз мәселе қалай шешіліп жатқанын анықтамақ болды. Алматылық тілшіміз Олжас Нұржақып байланыста. Олжас.
Олжас Нұржақып, тілші:
Қайырлы
кеш! Алматы облысы Шелек ауылындағы аурухана жайы 3 қызметкердің кәріз газына
улануынан кейін өзектілігі арта түсті. Журналистердің келгенін естіген халық
аурухананың мүшкіл хәлін де айтып қалған еді. Одан кейін бас дәрігер қызметтен
кетті. Алайда жөндеу көрмеген мекеменің мәселесі мұнымен шешілмеді. Бізге есік
ашқысы келмеген мамандар кішігірім жөндеу басталғанын ғана айтты.
Біз өзіміздің жұмысымызды істей береміз ары
қарай. Ремонт болғанша, қарап отырмаймыз ғой. Мына жерде өзіміздің деңгейімізде
ремонтты бастап кеттік күрделі жөндеуге қарамай. Өйткені бізге конкретно айтқан
жоқ, қашан болатынын. Сол үшін біз приемный покойдан ақырындап жасап жатырмыз.
Сол, рұқсат жоқ түсіруге.
Сырты бүтін көрінгенімен, іші адам шошырлық. Қираған қабырға, үгітілген қаптама, шұрық тесік еден - көзге бірден түседі. Үш қабатты жалғап тұрған жедел сатының істен шыққаны тағы бар. Кейде қатты ауырып түскен науқастарды үстіңгі қабатқа жеткізуде, мына ақ зембіл - дәрігерлердің басты көмекшісі. Ал кәріз, су құбырлары, тіпті жылу құбырларының жағдайы сын көтермейді. Ем қабылдап жатқан науқастармен тілдесуде мүмкін болмады. Есесіне ауыл тұрғындарының айтары бар.
Іші өте жаман. Ішін жақсылап ремонт жасап, санузел, сантехника бәрін әдемілеп жақсылап істеп берсе врачтар күшті.
Осы жерде жүргеніме 13 жыл болды. 13 жылдан бері бір ремонт көргенім жоқ өз басым. Қарап тұрсаңыз, шылаулардың бәрі тұрады. Ондай тазалығы жоқ қой ешқандай. Лифтісі жоқ, көңілден шықпайды, шынын айтқанда.
10 ауыл қарайтын елді мекенде 40 мың халық тұрады. Аурухана облыс әкімдігінің балансында. Ондағылар жөндеу жұмыстарына 500 миллионнан астам қаражат қажет деп отыр.
Ғалыммұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
2017 жылдан бастап қолға алынып, қазір проектно-сметный документациялар толығымен дайын. Яғни құрылысқа қажет құжаттардың барлығы толық қамтамасыз етілген. Аурухананың мүшкіл жағдайына байланысты министрлік тарапынан қаржы бөлуді өтінген болатынбыз.
Ауруханаға қашан қаражат бөлінері белгісіз. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі Қаржы министрлігінің жауабын күтіп отыр.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Бұл мәселе кеше республикалық бюджеттік комиссияда қаралды. Жақында шешім шығады. Сол шешім шыққаннан кейін жылдың аяғында республикалық бюджет туралы заң қабылданса, осы ауруханада ремонт өткізуге болады. Қазіргі күнде оны жабуға құқық жоқ.
Олжас Нұржақып, тілші:
Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасының жағдайы да мәз емес. Мұндағы жағдайды өз көзімен көрген министр жергілікті әкімдікке мәселені шілденің аяғына дейін шешуді тапсырды. Бұл талап орындалмаса, аурухана жұмысы сот арқылы жабылмақ. Абзал, Солтүстіктегі Новомихайловка ауруханасы да адам шошырлық еді. Ол мәселе шешілді ме?
Ия, Олжас. Солтүстік Қазақстан облысы Новомихайлов ауылындағы медициналық мекеменің Шелек, Қаскелең ауруханаларынан бір ерекшелігі - пайдалануға берілгеніне небәрі 10 жылдан ғана асқан. 37 миллион теңге жұмсалған аурухананың қабырғалары қақырап жатыр.
Александр Буткин, ауыл тұрғыны (11.11.2017ж.):
Медициналық бекет ашылған кезде
қуанышымызда шек болмады. Осында жатып, емделеміз деп ойладық. Алайда,
қуанышымыз ұзаққа созылмады.
Бүгінде амбулатория фельдшерлік-акушерлік
бекетке дейін кішірейтіліп, дәрігерлер нысанның бір жақ қанатына көшірілді.
Себебі нысанның бұл жағындағы қабырғалар әлі сөгіліп үлгермесе керек. Ал
фельдшерлік бекетте жұмыс істеп жатқан дәрігерлер өз денсаулықтарына алаңдап, апатты
ғимаратта кішігірім жөндеу жұмыстарын қолға алған.
Марина Коробкова, Мамлют аудандық ауруханасының бас дәрігері:
Қазір дәрігерлер тұрғындарды ғимараттың бір жақ қанатында ғана қабылдауда. Біз кірпіштен қабырға қалап, ол бөлімді оқшаулап жатырмыз. Сондай-ақ, тоқ көзін әлгі бөлімге ауыстыру жұмыстары қолға алынды. Барлық шаралар аудандық аурухананың қаражатына істеліп жатыр.
Атқамінерлердің айтуынша, фельдшерлік бекетті жөндеу тиімсіз. Жаңғырту жұмыстарына бақандай 35-40 миллион теңге қажет. Сондықтан медициналық мекемені жер үйге ауыстыру жоспарланып отыр. Алайда, жағдай әлі күнге дейін өзгеріссіз қалып отыр.
Алмагүл Рамазанова, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:
Қалай бос үйлер табылады. Бос үйлер болса, сосын анау пожарный, санэпидстанцияға сәйкес ғимарат болса, сонда бәрі шешіледі. Үйлер жоқ болып тұр, кісілер көшпей жатыр ол округтен.
Абзал Құрманкин, тілші:
Шенеуніктердің айтуынша, жер үйді иемденуге шамамен 3 миллион теңге қажет. Билік өкілдері бұл соманы бюджеттен келесі жылы бөлетіндерін хабарлады. Оксана, Новомихайловка ауруханасындағы жағдай осындай. Біз бұл мәселенің қалай шешілерін бақылауда ұстайтын боламыз.
Рахмет. Ауылдағы ауруханалар жайын анықтаған тілшілеріміз Абзал Құрманкин мен Олжас Нұржақып болатын.