Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астанада ОАР елшілігі халықаралық Нельсон Мандела күнін атап өтті

AstanaTV
18.07.2018ж. 20:00
2450
Астанада ОАР елшілігі халықаралық Нельсон Мандела күнін атап өтті

Бүгін Нельсон Манделаның туған күні. Бұл датаны  БҰҰ-ның шешімімен күллі әлем Мандела күні ретінде атап өтеді. Бұдан Астана да қалыс қалған жоқ. Қайраткер "ең мықты қару - ол білім" деген. Жастардың білім алуына барынша жағдай жасаған. Бүгін  Оңтүстік Африка Республикасының Орталық Азия елдеріндегі елшілігі кішкентай астаналықтарға танымдық сабақ өткізді. Оқушыларды адам құқығын қорғаушы, тұңғыш қара нәсілді президент Манделаның өмір жолымен таныстырды.

Әлібек Өмірзақ, оқушы:

Ол білім адамның ең мықты қаруы деп санаған, білімінің арқасында ол ОАР президенті болды. Мен де Нельсон Мандела сияқты өте көп еңбек ететін боламын. 

Қара нәсілді азаматтардың құқығын қорғап, теңдік орнатуға талпынған қайраткер  мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен 27 жылға түрмеге қамалды. Кейін бостандыққа шығып, елдің президенті атанды. Қараңғы елде демократия орнатты. Нельсон Манделаның арқасында әлем нәсілдік кемітушілікке тереңірек үңілді. Саясаткердің 100 жылдығына орай "Қоғам бірлігін нығайтуға 67 минутыңды бөл" деген науқан өтіп жатыр. Мандела - 67 жыл ел бостандығы үшін күрескен тұлға. 

Кийтуметци Мэттьюс, Оңтүстік Африка Республикасының Орталық Азиядағы Елшісі:

Ол тарихта мәңгі қалған президент. Мандела мырзаның біздің елдің қалыптасуына қосқан үлесі орасан зор. Ол тіпті 27 жыл тар қапаста отырып шығып, президент болған соң, өзіне түрмеде небір азап көрсеткен жандарды кешіре білген. Бұл - бізге үлгі. Өзінің орасан зор қайсар мінезінің арқасында бір елді барша әлемге танытты. Соның арқасында Нобель сыйлығын да алған. Біз онымен мақтанамыз.