Білім және ғылым министрлігінің электронды қабылдау жүйесінен техникалық ақау шықты. Бүгін жоғарғы оқу орындарына құжат тапсырмақ болған түлектер сарсаңға түсті. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне келген 500-ге тарта адам редакциямызға хабарласып шағымданды. Олар таңғы 6-дан бері кезекте тұрғандарын айтады. Айтуларынша, қабылдау комиссиясы құжат қабылдаудан бас тартқан көрінеді. Бірақ оның себебін түсіндірмеді деп ашулы. Әсіресе аймақтардан келген ата-аналар не істерін білмей дал болып отыр.
Нұрмұхаммед Серікбаев, талапкер, Шымкент қаласы:
Кеше 16-сы Шымкенттен жолға шыққам осында тапсыруға. Таңертең кезек алдым, әлі ешкім кірмепті. Менің кезегім 476-шы кезек. Негізі интернетте ҰБТ біткен соң 18-26-сы аралығында қабылдайтынын білгем.
Айдос Махамбетов, ата-ана, Жезқазған қаласы:
Әлі тұрмыз, программа жоқ, соны тосып отырмыз дейді. Не де болса соңына дейін тұрамыз. Қайтып кетпейміз ғой Жезқазғанға. Бірінші шаруа осы, қалғанының бәрін тастап келдік, осы бала үшін.
Университет өкілі құжаттар бүгін қолмен қабылданатынын айтты. Камераға сөйлеуден бас тартқан ол алдымен алыстан келген түлектердің құжаттарын қабылданады деді. Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі мәселе электронды қабылдаудың істен шығуынан туындағанын айтты. Ол бүгін қалпына келтірілмек.
Арман Жүнісов, ҚР БҒМ ресми өкілі:
Құжаттарды қабылдау тоқтатылған жоқ. Барлық ЖОО қабылдау қолмен жүргізіліп жатыр. Жүйеде техникалық ақау болды.
Жоғарғы оқу орындарына құжат
қабылдау бүгін басталды. Ол
26-шы шілдеге дейін жалғасады.