Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қайын атасы мен енесін атып өлтірген оралдықтың ісі сотта қаралып жатыр

AstanaTV
19.07.2018ж. 20:00
2366
Қайын атасы мен енесін атып өлтірген оралдықтың ісі сотта қаралып жатыр

Оралда қайын атасы мен енесін атып өлтірді деп айыпталған Рустам Давлетшинге қатысты сот отырысы басталды. Айыпталушы соттан бас тартып, өзіне алқа билердің үкім кесуін сұрады. Ал марқұмдардың туыстары қылмыскерге ауыр жаза беруді талап етіп отыр. Алғашқы сот отырысынан оралған тілші материалында толығырақ.

Еркін Карин, тілші:

Соттың алғашқы отырысына марқұмдардың туыстары түгел келіпті. Көзінің жасын ірке алмаған олар кінәліге ауыр жаза берілуін сұрайды. Ал айыптаушы тарап қылмысты мас күйінде жасаған сотталушының бұл іске барынша мұқият дайындалғанын мәлімдеді.

Айгүл Мулдағалиева, БҚО прокурорының көмекшісі:

Айыпталушы Рустам Давлетшин былтыр желтоқсан айында аңшы мылтығын сатып алып, жарты жыл бойы үйінде заңсыз сақтаған. Кейін 10-мамыр күні қаруын сөмкеге жасырып, қайын атасы мен енесінің үйіне келеді. Есік ашқан енесін атып құлатады. «Сенің әйеліңді атып өлтірдім!» - деп қайын атасына айқайлап, оны да ауыр жаралайды. Сосын іле-шала бой тасалапты.

Оқ жанды жерінен тиген отағасы бірнеше күннен кейін ауруханада көз жұмады. Сот барысында айыпталушының мұнай-газ кенішінде жұмыс істегені, кейін сырқаттанып, жұмыссыз жүргені мәлім болды. Айтуынша, бауыры қатерлі дертке шалдыққан, қазір І топ мүгедегі. Ол өзіне тағылған кінәмен келіскенімен, мұның себептері бар екенін жеткізді.

К обвинению, к самому факту претензии нет. Но по лжефактам свою позицию потом скажу.

Бүгінгі сотқа арнайы келген Ұлы Отан соғысының 92 жастағы ардагері Меңжан Әбдірахманов айыпталушының тиісті жазасын алуын талап етті.

Меңжан Әбдірахманов, марқұмның әкесі:

Әдейі 100 шақырым жерден мылтығын, пышағын әкеліп, әлгі мылтыққа болмай қалса, пышақпен сойып өлтіруге келген адам. Мамасы менен баласын көзбе-көз атып өлтіргеннен кейін одан не күтуге болады? Заңның ең қатал заңын қолданып, соны соттауды сұраймын мен.

Еркін Карин, тілші:

Айыпталушы Рустам Давлетшин "Адам өлтіру" және "Қаруды заңсыз сақтағаны үшін", яғни Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен айыпталып отыр.  Бірақ өзіне алқа билердің үкім кесуін сұрады. Сот оның талабын қанағаттандырды. Келесі сот отырысы 1 тамызға белгіленді. Сотталушының кінәсі расталса, ол 99 бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еркін КАРИН