Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Кейбір шұжық өнімдерінде антибиотик пен натрий нитриті мөлшерінің қалыпты нормадан асқандығы анықталды

AstanaTV
23.07.2018ж. 20:00
7659
Кейбір шұжық өнімдерінде антибиотик пен натрий нитриті мөлшерінің қалыпты нормадан асқандығы анықталды

Қызылжарда сауда сөрелерінен шұжық өнімдері тәркіленіп жатыр. Эпидемиолог мамандар кейбір тауарлардың құрамында левомицетин антибиотигі мен натрий нитриті мөлшерінің қалыпты нормадан асқандығын анықтаған. Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті отандық және шетелдік шұжықтың барлық түрлерін зерттеп, 1241 сараптама алған. Тексерістен соң әрбір төртінші өнім нормаға сәйкес келмегені анықталған. Тауар құрамындағы натрий нитриті қалыпты жағдайдан 2 есе, ал левомицетин дәрісі 150 есеге дейін асқан. Қауіпті химиялық заттарды сіңірген шұжықтар құс етінен жасалыпты.

Рамиля Айтжанова, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитеті басқармасының бас сарапшысы:

Ресейлік «Докторская», «Бутербродная», «Популярная» шұжықтарында натрий нитриті, ал «Южная», «Сельская», «Заречная» шұжықтарында левомицетиннің мөлшері нормаға сәйкес келмеді. Левомицетиннің қалыпты мөлшері 0,01 мг, бірақ кейбір өнімдерде оның көлемі 1,5 мг-нан асқан. Біз бұл өнімдерді әзірге тек Солтүстік Қазақстанда ғана анықтадық. Енді басқа өңірлерді де тексеріп жатырмыз. Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ресейлік кәсіпорындарға және тұтынушылар құқығын қорғауды бақылау қызметіне ескерту қағазын жіберді. 

Сала мамандарының айтуынша, шұжық құрамында анықталған заттар гепоксия ауруына шалдықтырады. Яғни, адамның бойында оттегінің жетіспеушілігін тудырады.  Жеуге жарамсыз шұжықты Ресейдің екі компаниясы шығарған. Эпидемиолог мамандар олардың өнімдерін сауда сөрелерінен тәркілеп жатыр. Алайда, көрші елдің тауарын сатқан дүкен иелері тұтынушылардың әсте шағымданбағанын айтады.

Ольга Белякова, жеке кәсіпкер:

Эпидемиолог мамандар ресейлік шұжықтың барлығын сатып алып, сараптама жасауға алып кетті. Яғни бізден ешқандай шығын болған жоқ.

Жалпы теріскейдің сауда орындарында шұжықтың 250-ге жуық түрі сатылады. Оның тең жартысы шетелден импортталады. Саудагерлердің айтуынша, ресейлік шұжықтың бағасы арзан болғандықтан, оған сұраныс жоғары болып отыр.