$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан 4 үйдің құрылысы жоспардан қалып отыр

AstanaTV
24.07.2018ж. 20:00
2997
Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан 4 үйдің құрылысы жоспардан қалып отыр

Қызылжарда үй құрылысын созған компания 60 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл жайында облыстық әкімдіктің өкілдері хабарлады. Қазір өңірде "Нұрлы жер" бағдарпламасымен салынып жатқан 4 үйдің құрылысы жоспардан қалып отыр. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин құрылыс алаңдарын аралап, проблема себебін білді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Бұл 78 пәтерлі баспананың құрылысы тура бір жыл бұрын басталған. Нысан осы жылдың үшінші тоқсанында қолданысқа берілуі тиіс. Алайда ғимараттың небары 30 пайызы ғана бой көтерген. Алаңда қайнап жатқан жұмыс байқалмай тұр. Мердігерлер құрылыстың тұралап қалғанын материалдың жетіспеушілігімен түсіндіреді.

5 қабатты үйге облыстық бюджеттен 450 миллион теңге бөлінген. Құрылысқа жауапты компания әзірге оның үшінші бөлігін игерген. Серіктестік басшысының айтуынша, жергілікті бетон зауыты панельдерді дайындап үлгермей жатыр. Себебі өндіріс ошағы қазір қаланың төрт бірдей нысанын материалмен қамтып отыр екен. Өнімнің қымбаттауы да құрылыс қарқынын кері тартып отырса керек.

Ләззат Құспан, мердігерлік компанияның бас директоры:

Екінші проблема - материалдың қымбаттап кетуіне байланысты, баға қазір құрылыс материалдарына өте жоғары көтеріліп кетті. Бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз осы үйді жылдың аяғына дейін өткізуге тырысып жатырмыз. Әрине, материалдың қымбаттауы біздің компанияның таза пайдасының есебінен жойылады.

"Голден хаус" серістестігінде де құрылыс сиырқұйымшақтанып кетті. Компания үйдің бірінші қабатын аяқтай алмай әуре. Мердігерлер бетон панельдерін қарағандылық зауыттан алып отыр. Көлік тапшы болған соң, кәсіпорындағылар материалға қол жеткізе алмай отырғандарын айтады. Сондықтан олар әзірге ұсақ-түйек жұмыстарды қолға алған.

Сәрсенбай Әубәкіров, құрылыс алаңының басшысы:

Қарағандылық зауыт қазір бізге қосымша вагондарды бөлмек. Қазір материал бізге келе жатыр. Материал келсе, құрылыс алаңында жұмыс жанданады. Баспананы екі-үш айда бітіреміз деп ойлаймын.

Қызылжарда барлығы 4 көпқабатты үйдің құрылысы жоспардан қалып отыр. Аймақ атқамінерлері баспаналар жылдың аяғына дейін салынып бітеді деп сендіреді. Ал "Голден Хаус" серіктестігінің нысанын аяқтау міндеті өзге компанияға жүктелмек.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Мен кеше кешке әдейі құрылыс алаңдарын аралап шықтым. Сағат алтыдан кейін жұмысшылардың қарасы көрінбейді. Мердігерлер қолайлы ауа райын тиімсіз пайдаланып отыр. Голден Хаус серіктесігін сотқа бердік. Олар 60 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Төлей алмаса, меншігін тәркілеу керек.

Айта кету керек, аты дауған айналған "Голден Хаус" серіктестігі былтыр да тілшілердің сынына ілінген болатын. 17 көпқабатты үйдің шаруашылығын жүргізген компанияны өз міндетін орындай алмаған соң тұрғындар сотқа берген еді. Билік тарапы сенімді ақтамаған кәсіпорынды енді қара тізімге енгізбек.

А.ҚҰРМАНКИН