$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы облысында жаңа туылған сәбиді сатқан топқа қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
26.07.2018ж. 20:00
3314
Алматы облысында жаңа туылған сәбиді сатқан топқа қылмыстық іс қозғалды

Қаскелең ауруханасынан тағы да шу шықты. Бұл жолы аудандық ауруханада жаңа туған сәби саудаға шығарылған. Іске қатысы бар медицина қызметкерлері ұсталған. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Олжас Нұржақып мән-жайды анықтауға тырысты. Олжас, қандай ақпарат біле алдыңыз? 

Олжас Нұржақып, тілші:

Ия, Ләйлә, ауруханада абыржығандар байқалмайды. Әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Адамдар емін-еркін кіріп-шығып жатыр. Олар осы жерде сәбидің саудаға салынғанынан бейхабар. Аурухана бас дәрігері болса өз қызметкерлері жайлы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Тергеу ісімен айналысып жатқандарға сілтеген ол, сөзін аяқтамастан, теріс айналды.

Ербол Сәрсенбаев, Алматы облысы Қарасай аудандық орталық ауруханасының директоры:

Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүруде. Сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын. Бірақ ауруханада мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отыр. Нәресте қазір ауруханада.

Облыстық ішкі істер департаментінің ресми өкілі оқиға 23-ші шілде күні тіркелгенін айтты. Оның сөзіне сенсек, қылмыстық іске Қаскелеңдегі аудандық аурухананың бір топ медицина қызметкерінің қатысы бар. Абырой болғанда, жергілікті тәртіп сақшылары қылмыстың жолын кескен. Бірақ қанша адамның бұл іске қатысы бары, нәрестенің қанша соммаға сатылғандығы жайлы дерек айтылмай отыр.

Сергей Незнаев, Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Тергеудің құпиялығына байланысты толық ақпарат бере алмаймын. Бірақ медициналық қызметкерлерден құралған топ қазір қамауға алынған. Оларға Қылмыстық кодекстің 135 бабы, 2 тармағы, яғни кәмелеттік жасқа толмағандарды сату фактісімен іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

240 мыңнан аса тұрғыны бар Қарасай аудандық ауруханасында жыл сайын 6 мың бала дүниеге келетін көрінеді. Бүгінге дейін 3 мыңдай жүкті әйел тіркеуге тұрған. Ал саудаға түскен сәбидің қашан дүниеге келгені белгісіз. Бұл іске анасының қатысы бар ма, жоқ па, ол жағы да беймәлім. Мән-жайды бақылауда ұстайтын боламыз. Ләйлә...

Рахмет, студиямен байланыста болған алматылық тілшіміз Олжас Нұржақып.