$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тобыл өңірінде кеншілердің жаппай астан улануына байланысты штаб құрылды

AstanaTV
26.07.2018ж. 20:00
3299
Тобыл өңірінде кеншілердің жаппай астан улануына байланысты штаб құрылды

Тобыл өңірінде кеншілердің жаппай астан улануына байланысты арнайы штаб құрылып, дәрігерлер мен санитар мамандар арнайы тексерісті бастаған. Денсаулығына шағым айтқан 38 кенші ауруханаға жатқызылған. Кеншілердің хал-ахуалын әріптесім Заңғар Санай біліп қайтты. Заңғар, қазір науқастардың жағдайы қалай?

Заңғар Санай, тілші:

Қайырлы кеш! Иә, Ләйлә, дәрігерлер қазір науқастардың жағдайы жақсарды дейді. Лисаковтағы боксит кен орны жұмысшылары асханадан тамақ ішкен соң медициналық көмекке жүгініпті. 38-і ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер олар іші өту, лоқсып құсу, басы айналғанын айтып шағымданғанын жеткізді. Астан уланғандардың алғашқы легі екі күн бұрын емханаға түсіпті.

Юрий Моисеев, Қостанай облыстық ауруханасының бас дәрігері:

Бүгін таңертең науқастардың жағдайы жақсарып қалды. Көбісінде астан улану белгілері әлі сақталуда. Дегенмен емді жақсы қабылдап жатыр. Жуық арада олардың барлығы жұқпалы аурудан толық айығады деп отырмыз.

Астан ұшынғандардың бірі - Юрий Минор. Ол екі күн бұрын ет, жұмыртқа, нан жеп компот ішкенін айтады. Түн ортасында кеншінің кенет денесі қызып, сырқаты сыр берген.

Юрий Минор, кенші:

Кешке ет жедім.Түнгі төрт кезінде денем қызып, ішім бұрап ауырды. Кейін ауруым асқынып кетті.

Кеншілер жаппай уланған кеніш орны «Қазақстан Алюминийі» акционерлік қоғамына тиесілі. Олардың бас кеңсесі Павлодарда.

Лисаковтағы кен орнында үш жүзге тарта адам вахталық тәсілмен жұмыс істейді. 14 күн сайын ауысып отыратын жұмысшылар мекеме асханасынан тамақтанады. Ләйлә! 

Заңғар, кеншілердің нақты қандай астан уланып қалғаны белгілі ме?

Заңғар Санай, тілші:

Әзірге нақты қорытынды жоқ. Мамандар уланудың себебін анықтауға кірісіпті. Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің өкілдері тамақтану орнынан сынамалар алып, зертханаға жібергенін айтты. Тексеріс қорытындысы бірнеше күннің ішінде дайын болады дейді.

Гүлім Досымова, Қостанай облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің бөлім жетекшісі:

Науқастардың бәріне «асқазан-ішек жолдарының жедел қабынуы» деген ортақ диагноз қойылып отыр. Бұл жұқпалы ауруға жатады, оның он шақты түрі бар. Аурулардың бәрінен медициналық сараптама алынды, зертханалық тексеріс жүріп жатыр. Қорытындысы кейін белгілі болады.

Акционерлік қоғамның өз болжамы бар. Айтуларынша, жұмысшылар үйден әкелген астан ұшынып қалуы әбден мүмкін. Ал асхананың тамағы үнемі  комиссияның қадағалауында болады, - деді телефонмен тілдескен компанияның вице-президенті Бегзия Ысқақова. Акционерлік қоғамның басшылығы да жұмысшылардың жаппай улануына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Заңғар Санай, тілші:

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Керекудегі бас кеңсе өкілдері Тобыл өңіріне  аттанып кеткенін жеткізді. Ләйлә!

Рахмет, Заңғар, жұмысшылардың сауығып кетуін тілейміз.