Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Алматыда ата-аналардан құрылған топ есірткі бизнесімен күресті бастады

AstanaTV
27.07.2018ж. 20:00
3005
Алматыда ата-аналардан құрылған топ есірткі бизнесімен күресті бастады

Алматыда есірткі бизнесінің құрбаны болған балалардың ата-аналары ашық акция бастады. Олар тәртіп сақшыларының жұмысына күмәнмен қарайды. Сондықтан өздігінше осындай әрекетке көшкен. Айтуларынша есірткі тасымалдаушылары өз кәсібін әлеуметтік желілерде еркін жүргізіп отыр. Тіпті кәмелет жасына толмаған балаларды жеңіл ақша табуға үгіттейді дейді. Олжас Нұржақып қала көшелеріне шыққан жандардың сөзіне құлақ асты.

Вячеслав әрдайым ұлының әлеуметтік парақшасын бақылап отыруды әдетке айналдырған. Себебі, есірткі бизнесінің балаларға да ауыз салуы алаңдатады дейді ол. Бірақ «жазғы жұмыс» деп жеңіл ақша табудың жарнамасын ұсынатындарға тиым болар емес.

Вячеслав, Алматы қаласының тұрғыны:

Әлгі әккілер әлеуметтік желіден балалардың суреттерін іздеп, достық жібереді де әңгімеге тартады. Әлі ақыл тоқтатпаған жеткіншектер олардың арбауына тез түседі емес пе. Әсіресе, белгісіз затты бір жерге тастап кету немесе қала көшелері мен ғимараттарына таңба, яғни граффити салу оңай көрінгенімен, оның зардабын сезінбейді. Өзіңіз ойлаңыз, бір граффити 400 теңгеден бағаласа, бір түнде жазған 40 таңбаңыз қомақты қаражат қой.

Қала тұрғыны Әлия Жамалова да осындай әккілерден аузы күйген. Осыдан екі жыл бұрын оның 19 жасар ұлы арбауға түсіп, артынан түрмеге жабылыпты. Тіпті, жеңіл ақша табамыз деген жанындағы жеті жеткіншектің де 16 жыл жаза арқалағанын айтады.

Әлия Жамалова, Алматы қаласының тұрғыны:

Ұлым басқа мемлекетте оқыды. Үшінші курсын аяқтап, жазғы каникулға келгенде әлгі жарнамаға арбалған. Яғни, телефон арқылы 3-5 грамм марихуаннаны айтылған орынға тастап кетіп отырады. Небәрі екі аптаның ішінде күдікке ілініп, 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Қарап тұрсаңыз өзі тапсырма берушілердің түрін де көрмеген. Тек жарнаманың құрбаны болды.

Есірткі бизнесінің тамыр жаюына құқық қорғаушылар тұзақ бола алмай отыр. Адвокат Константин Гудаукас осылай деді. Жазғы демалыс қалай басталады, солай тіпті жандана түседі дейді ол. Оның айтуынша соңғы екі айда дәл осындай жағдаймен мыңға жуық ата-ана кеңес алуға қабылдауына келіпті.

Константин Гудаукас, қорғаушы:

Өзіңіз қараңызшы, қаладағы кез-келген ғимарат пен тұрғын үйлерде, мемлекеттік мекемелердің қабырғаларында жарнама сайттары, белгілер айқын таңбаланған. Бұл есірткі тасымалдау жолы. Ал тәртіп сақшылары осы әрекетке әлі тосқауыл бола алар емес. Соның салдарынан жеңіл ақшаға қызыққан жастар зардап шегіп отыр.

Осына ескерген бір топ қала тұрғыны өздігінше әрекетке көшкен. Олар арнайы акция ұйымдастырып, әрбір жазылған граффити мен жарнаманы  анықтаған сайын полицияға арыз жазбақшы. Ондағы мақсат -  толассыз түскен шағымнан нәтиже болар деген үміт. 

-Здравствуйте! Это полиция? - Да, слушаю. Говорите. - Я хочу сделать заявление о совершающемся преступлении.

Шалынған қоңырауға бірден жауап берілді. Бірақ оқиға орнына жеткен жергілікті учаскелік инспектор граффитиге байланысты сауалға жақ ашпады.

Әнуар Қалиақберов, учаскелік полиция инспекторы:

По граффити я не могу ничего пояснить.

Олжас Нұржақып, тілші:

Осылайша, акция ұйымдастырушылары бүгін полицейге елуге жуық арыз қалдырды. Ал оған жауапты тиісті орган ертең береміз деп уәде етті. Ал қорғаушы бастаған топ мұнымен тоқтамақ емес. Олар Астана, Тараз, Қарағанды қаласындағы ата-аналарды акцияны қолдауға шақырып отыр.

Олжас НҰРЖАҚЫП