$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Солтүстік Қазақстан облысында егін алқаптарына себілген тыңайтқыштардың кесірінен аралар уланып жатыр

AstanaTV
30.07.2018ж. 20:00
3626
Солтүстік Қазақстан облысында егін алқаптарына себілген тыңайтқыштардың кесірінен аралар уланып жатыр

Қызылжар өңірінде аралар уланып жатыр. Омарташылардың пайымынша, бұған егін алқаптарына себілген зиянды тыңайтқыштар себеп. Шаруалардың көбі "Би-58" деген химиялық қоспаны қолданады. Күрделі тыңайтқыш жәндіктердің көзін жоятын көрінеді. Омарташылар араларды құтқаратын қандай әдісті ұсынып отыр? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин сала мамандарымен кездесіп, тығырықтан шығар жолды біліп қайтты.

Омарташылар қауымдастығының төрағасы Олег Гаврилов бал өндірумен 23 жыл айналысып келеді. Бүгінде тәжірибелі маманның ара ұстайтын ұясы 150-ге жуық. Ол биыл 15 тонна бал жинауды көздеп отыр. Бұл межеге жету үшін ол тыңайтылған алқаптардан аулақ жүруге мәжбүр екенін айтады.

Олег Гаврилов, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:

Шаруалар мол егінге қол жеткізу үшін алқаптарына тыңайтқышты себеді. Ал біздің аралар оған шыдамайды, қырылып қалады. Сондықтан бізге әрдайым қашып жүруге тура келеді. Біз үшінші жыл қатарынан ешқайда шықпай, балды мына рапс алқабынан жинап жатырмыз.

Абзал Құрманкин тілші:

Омарташылардың айтуынша, рапстан сапалы бал шығады. Алайда, бұл дақылды егетін теріскейлік диқандардың басым бөлігі Би-58 тыңайтқышын пайдаланады екен. Улы қоспа өсімдік құрамында бір айға дейін сақталады. Осының кесірінен химиялық өңдеуден өткен алқапқа кірген аралар көпке шыдамай қырылып қалады.

Ал теріскейлік «Егін» серіктестігі аралар егін алқаптарын тозаңдау үшін "Би-58" тыңайтқышынан бас тартқан. Шаруашылық еуропалық ғалымдармен кеңесіп, пайдалы жәндіктерге кесірін тигізбейтін химиялық қоспаны қолданып жатыр. Нәтижесінде өнім берекелігі еселене түсті, дейді компания өкілі.

Андрей Дудко, шаруашылық жетекшісінің орынбасары:

Біз «Биская» тыңайтқышын пайдаланамыз. Оның араларға зияны жоқ. Бұл жәндіктердің арқасында өнімділік арта түсті. Былтырлары бір гектардан рапстың 12-13 центнерін алатынбыз. Биыл 15-тен асатын жоспарымыз бар.

Биыл облыс бойынша 300 мың гектар алқапқа майлы дақылдың рапс түрі егілген. Бұл былтырдан қарағанда 1,5 есе көп. Алайда, әзірге қауіпсіз тыңайтқышты "Егін" серіктестігі ғана қолданып отыр. Қазір аймақ атқамінерлері аталған компанияның тәжірибесін өзге де диқандар арасында насихаттай бастаған.

Қуандық Шакубаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Қазір біздің өңірде бал өндіруге мүмкіндік беретін дақылдың 6 түрі бар. Олардың жалпы аумағы 350 мың гектардан асады. Қазір шарулардың көбі "Би-58"  тыңайтқышын пайдаланады. Біз қазір оларға араларға зиянын тигізбейтін арнайы технологияларды ұсынып жатырмыз. Нәтижесінде бұның шарапатын шаруашылықтар да, омарташылар да сезбеді.

Шенеуніктердің айтуынша, Еуропаның бірқатар елдері "Би-58" тыңайтқышынан бас тартқан. Алайда, жергілікті омарташылар шаруалардың жаңа технологияға көшуін күтпейтіндерін айтты. Олар бірлесіп, күзде 500 гектар аумаққа балды өсімдіктерді егуді көздеп отыр. Осының арқасында өңір омарташылары бір мың тонна бал жинамақ.

А.Құрманкин