Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Керекулік жаңа баспаналардың тұрғындары құрылыс сапасына наразы

AstanaTV
30.07.2018ж. 20:00
2708
Керекулік жаңа баспаналардың тұрғындары құрылыс сапасына наразы

Керекулік жаңа баспананың тұрғындары құрылыс жұмыстарының атүсті жүргізілгеніне наразы. Айтуынша, екі жыл бұрын пайдаланылуға берілген 10 қабатты үйде кем-кетіктер көп. Терезеден жел үрлеп, төбеден су ағады. Кей пәтерлерде қабырғалар көгеріп кеткен. "Жағдай қақаған қыс пен жауын күндері күрделене түседі",- дейді бұқара. 70-ке келгенде жаңа пәтерге көшіп, өркениетке қол жеткіздім деген Сатыбалды ақсақалдың қуанышы бір күнде сейілді. Алғашқы жаңбырдан-ақ үйдің «сыры» байқалды.

Сатыбалды Дүйсенбайұлы, Павлодар қаласының тұрғыны:

Мына жерге шүберек қоямыз былай. Сосын сығып алады. Қатты жауын болғанда, мынада су ағады. Қысты күні мынадан қар соғады. Ана жақта ысқырық тұрады. Кемпір кейде ұйықтай алмайды. 

Екі подъезді тұрғын-үй 2016 жылы пайдаланылуға берілген. Бұл үйге «Алюминстрой» шағын ауданының апатты баспаналарынан елуге жуық отбасы көшірілген. Жаңа пәтерге кіргенмен, проблема «ескі» дейді бұқара. Тұрғындар шама-шарқынша қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Алайда, проблема тесікті жамап, қабырғаны сылаумен бітпейтіні анық. Үй панельдік жүйе негізінде салынған. Жұрттың айтуынша, бар гәп - сол плиталардың қосылған жерінде. Шенділер жағдайдан құлағдар. Қазірде құрылыс бөлімі мердігер компаниямен жұмыс істеп жатыр.

Қанат Қалиев, Павлодар қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

Мердігер ескертілді. Қазір онымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ол кеткен кемшіліктерді қалпына келтіруге міндеттелді. Шамамен 10-15 күннің ішінде олқылықтарды жоямыз деп уәде берді. Оны біз бақылауда ұстайтын боламыз.