$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Зейнетақы төңірегіндегі түсінбестік әлі көп

AstanaTV
01.08.2018ж. 20:00
2887
Зейнетақы төңірегіндегі түсінбестік әлі көп

Қайта есептелген базалық зейнетақы мөлшеріне қатысты халық арасында әлі де түсінбеушілік бар. Өңірлерде аумақтық еңбек инспекциясы мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілер қатары сиремей тұр. Шілденің 4-і мен 26-сы аралығында ұзын саны 23 мың адам жүгініпті. Мәселенің жай-жапсарына әріптесім Айзада Төребекқызы үңіліп көрді.

Ақтау қаласының 74 жастағы тұрғыны Евгения Колодяжная көше бойында жеміс-жидек пен өзі жапқан тосаптарды сатумен айналысады. Зейнеткер осылай күнделікті 1-2 мың ақшасын табады. Кезінде балабақшада тәрбиеші болған әжей бір зейнетақымен өмір сүру қиын, деді. Ол базалық зейнетақының қайта есептелуінен көп үміт күткен екен. Алайда шілдеде қолына тигені небәрі 50 мың теңге. Сонда қосылғаны 7 мың теңге дейді.

Евгения Колодяжная, зейнеткер:

Мүмкін стажымды ескермеген болар. Ол жағын дұрыстап біле алмадым. Бізді кім тыңдаушы еді?! 12 шағын аудандағы халыққа қызмет көрсету орталығына барғанмын, «Мұнда несіне келдіңіз, 50 мың теңге алдыңыз, сол жетпейді ме?!» - деп жекіп тастады. Көзіме жас келіп, шығып кеттім. Содан соң ешқайда бармадым.

Маңғыстау облысында 49 мың зейнеткер бар. Олардың арасында зейнетақысына көңілі толмайтындары жоқ емес. Ал Түркістан облысында 243 мың адамға базалық зейнетақы төленеді. 1 шілдедегі өзгерістен соң соңғы екі апта аймақта 31 адам көкейдегі сұрағына жауап алуға тырысыпты. Мамандар барлығына мәселені байыппен түсіндіріп, заңсыздықтың жоғына көздерін жеткізіп жатқандарын айтты.

Несібелі Қаражанова, Түркістан облысы бойынша электронды іс-құжаттарды бақылау және ЖЗТ жұмыс басқармасының басшысы:

Сұрақ туындап жатқандары сол стаждары кем болған жағдай. Енді сол 1 қаңтар 1998-ге дейінгі шыққан зейнетақы алушылар жағынан, 98-ден кейін стажы жалпы оның еңбек кітапшасы бойынша 15 жыл болып тұр. Бірақ оның 10% аударған ақшалары толық аударылмай, жиналып-жиналып аударылуына байланысты оның айлары кеміп кетіп отыр да, сол айларына қарай есептелінген стаждары. Бұл жұмыс берушінің кінәсі негізінде.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының" есебінше шілденің 4-і мен 26-сы аралығында елімізде 23 мың адам базалық зейнетақысын есептетуге жүгінген. Дені еңбек инспекциясы мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына барса, 600 адам телефон арқылы кеңес алумен шектеліпті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілердің мәліметінше, күн сайын орта есеппен отыз зейнеткер осы сұрақты көтереді екен.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

Қолданыстағы заңға сәйкес зейнеткер өзінің зейнетақы жарнасы белгілі бір айға емес, бір жылға есептеліп аударылғанын сотпен дәлелдеуі керек. Сот шешіміне сәйкес, ол адамның 12 ай бойы жұмыс істегені расталса, яғни 1 ай ғана аударылған 10 пайыз ақшасы бір жылға шашылады. Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Айта кетейік, базалық зейнетақы бұған дейін барлық адамға бірдей тағайындалып келді. Биылғы 1 шілдеден бастап ол еңбек өтіліне қарай есептеледі. Ал базалық зейнетақы 100 пайыз төленуі үшін еңбек өтілі 33 жылдан кем болмауы тиіс, деді зейнетақыға жауаптылар.

Жаңа жүйеге сай, егер еңбек өтілі 10 жылдан кем немесе мүлдем болмаса, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын алады. Қазір оның мөлшері 28 мың 284 теңге. Демек, зейнеткер 15 мың 274 теңге алады. Ал еңбек өтілі 10 жылдан асса, әр жыл үшін 2% үстеме қосылады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Мамандар түсінбестікке қатысты екі тараптан да яғни, жұмысшы мен жұмыс берушіден  де қателік кеткен болуы мүмкін екенін айтты. Келісімге сәйкес,  ең әуелі жұмысшы өзінің зейнетақы қорындағы ақшасын жылына екі рет тексеріп отырғаны абзал.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ