$487.37 €532.94 ₽5.09
×

«Қазцинк» Риддер кен байыту фабрикасындағы қалдықтар сақтайтын қоймадағы апат зардабы жойылды

AstanaTV
26.05.2016ж. 20:00
3377
«Қазцинк» Риддер кен байыту фабрикасындағы қалдықтар сақтайтын қоймадағы апат зардабы жойылды

Риддер шаһарындағы кен қалдықтарын сақтайтын орыннан аққан лай су тоқтатылды. Қазіргі кезде Филипповка мен Тынық өзенінің суы тұна бастады. Ал апат болған аумақта қалыпқа келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын-ала судың сараптама қорытындысы шыққан. Экологтар алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Заңғар Санай толықтырады.

Кен қалдықтарын сақтайтын орында пайда болған шұңқыр дәл осылай жоғарыдан жабылып жатыр. Тікұшақтан төмен лақтырылып жатқан қаптардың әрқайсысына тоннаға жуық цемент пен ағаш жаңқалары салынған.

Валерий Завьялов, «Казцинк» ЖШС тау-кен байыту фабрикасының атқарушы директоры:

Біз осы екі-үш күннің ішінде 10 мың текше метр лас суды төгіп, кәріздегі ағыс тоқтатылды. Нәтижесінде  бір жарым метрлік құбырдың бір шетін тығындап тастадық. Қазір лай судың көлемі шамамен 5-7 текше метрге төмендеді. Оның өзін басқа қоймаға қарай бұрып жібердік. 

Апат болған аумақта күні-түні экологтар штабы жұмыс істеп жатыр. Кен қалдықтарын сақтайтын орынның көне құдығы толық жабылып, Тынық және Филипповка өзеніне аққан лай су тоқтатылды. Бірнеше зертханада жүргізілген сараптама қорытындасына сәйкес, су құрамында адам өміріне қауіп төндіретін концентраттар  табылмаған.

Қазтай Тәкеев, «Казцинк» ЖШС бас экологы:

Қалдық қоймасынан аққан судың құрамында қышқыл жоқ. Және болуы мүмкін емес. Өйткені фабрика тұнық су қолданады. Сондай-ақ судың құрамынан күшәла да кездескен жоқ. Цианид қалыпты мөлшерде. Мырыш -10-15, қорғасын мен  мыс - 4, марганецтің шектелген зиянсыз концентрациясы 7-8 деңгейді көрсетті.

Ал экологтар Риддер мен  Өскемен тұрғындарын алаңдамауға шақырып отыр. Тіпті Үлбі өзеніне дейін жеткен лай судың адам ағзасына ешқандай зияны жоқ екендігін айтады. Өзендерде  құстар мен балықтардың жаппай қырылу  фактілері тіркелмеген.

Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:

Орын алған жағдайдың басты себебі 70 жылдары жұмыс істеген кейін резервацияға жіберілген құдық арқылы су коллекторға өтіп, сыртқа шығарылған, бүгінде ол жабылды толықтай.

Аптаның соңына дейін  апат салдары түгел жойылып, Риддердегі  кен-байытуы фабрикасы бұрынғыша жұмыс істей бастайды. Табиғатты қорғау мекемесінің мамандары нақты сараптама қорытындысын келесі аптада жарияламақ.

Заңғар САНАЙ