Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Каспийде «TENIZ-2018» халықаралық оқу-жаттығу өтті

AstanaTV
03.08.2018ж. 20:00
2131
Каспийде «TENIZ-2018» халықаралық оқу-жаттығу өтті

Каспий теңізінде төтенше оқиға зардаптарын жою бойынша халықаралық оқу-жаттығу шарасы өтті. Баутино портында Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан құтқарушылары қолданыстағы техниканың пәрменімен бірлескен іс-қимылды сынады. Түркменстан мамандары байқаушы ретінде ғана қатысты. Ал Иран техникалық себептерге байланысты оқу-жаттығуға келе алмаған.

Мұнай бұрғылау қондырғысы аяқ-астынан тұтанды. Жалын кемеге жайылып, мұнай өнімдеріне қауіп төндіреді. Борттағы 25 адамның онын күйік шалды. Шараның сценарийі атыс-шабыс жанрындағы фильмге ұқсас.

Надеюсь, справимся с нашей боевой задачей. Надеюсь, это только учения…

«Оқыс оқиғаға» 500-ден астам құтқарушы, өрт сөндіруші мен ұшқыш жұмылдырылды. Жүргізушілер 75 арнайы техникада жұмыс істеді. Жалындаған өртті әуеден 6 тікұшақ пен бір ұшақ ауыздықтауға кірісті. 

Максим Максимов, РФ Төтенше жағдай министрлігінің департамент директоры:

Ауа-райының белгілі бір жағдайы авиацияны қолдануға өзгеріс енгізді. Яғни "Бе-200" ұшағымен су алынбады. Тербелістің болуынан, әрине. Бұл жерде ұшқыш суды-алу-алмауды өзі шешетін болады. Шын мәнінде төтенше жағдай болса, ұшқыштар суды алар еді. Алайда, оқу-жаттығу шарасында біз мұндай тәуекелге бармадық. 

Өрт ауыздықталып, адамдар құтқарылды. Ал, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. Оқу-жаттығудың басты мақсаты - Каспий жағасындағы елдердің құтқару қызметінің бірлескен іс-қимылын күшейту. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі қосымша техника сатып алу мәселесін көтермек.

Юрий Ильин, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары:

Өздеріңіз байқап отырсыздар, акваторияда әуе кемелері де белсенді жұмыс істеді. Ең алдымен бұл шұғыл жеткізілім. Одан кейін бізге мұнай өндіретін платформадағы өртті сөндіретін теңіз кемелері де қажет. Талдау бар. Үкіметтен бөлімшелердің техникалық базасын қамту бойынша нақты шараларды қабылдауды сұрайтын боламыз.

Агали Гусейнов, Әзірбайжан ТЖМ шұғыл қамту бас басқармасының басшысы:

Оқу-жаттығу деген айсберг сияқты. Жоғарғы жағы кішкентай да, астыңғы жағы үлкен. Төменгі бөлігі бойынша жұмысты атқардық. Сондықтан болашақта бірлескен жұмыста мәселелер туындамайды деп ойлаймын.

Мамандар оқыс оқиға бола қалса, көрші мемлекеттен көмек бірнеше сағатта немесе тәулікте жететінін түсінді. Бұл ретте көп мәселе техникаға байланысты. Сондықтан арнайы көліктерге ақша үнемдеудің қажет жоқ деген байлам жасалды.  

Дәуренбек Бақдәулет