Негізгі / Жаңалықтар / Алматыда экс-әкім Виктор Храпунов ісі бойынша басты сот отырысы басталды

Алматыда экс-әкім Виктор Храпунов ісі бойынша басты сот отырысы басталды

Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпунова және сыбайластарына қатысты басты сот отырысы басталды. Мегаполистегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында өткен алғашқы отырыста прокурор айыптау актісін оқыды. Виктор Храпунов пен оның әйелі және сыбайластары мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін айыпталып жатыр. Бірақ сот залында басты фигуранттың өзі де, келіншегі де жоқ. Тек 9 адамнан құралған сыбайластары ғана. Ал Виктор мен Лейла және тағы бір күдікті халықаралық іздеуге жарияланған. Мемлекеттік айыптаушы Алмас Байбарақовтың айыптау актісінде айыпталушылар Алматы маңындағы тарихи-мәдени-табиғи жерлерді өз иеліктеріне алған. Осы арқылы мемлекетке 250 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын келтіріпті.

Алмас Байбарақов, мемлекеттік айыптаушы:

Пайдадан түскен қаражат Храпуновтар жанұясының есепшоттары арқылы шетелге асқан. Яғни ұлы Ілияс Храпуновтың, тағы басқа заңды және жеке тұлғалардың есепшоттары арқылы Швейцариядағы қызының шотына аударылып отырған. Одан әрі сол елде қаржы заңдастырылады.

Храпуновтар отбасы мен оның 9 сыбайласына қатысты қылмыстық іс сотқа 17-ші шілде күні түскен. Бірақ алғашқы тыңдалымда қорғаушылар бұл істі тоқтату туралы өтініш білдірген. Дей тұрғанымен түскен арыз қанағаттандырылмады. Сот отырысы ертең де жалғасады.