Венесуэла президенті Николас Мадуроға қастандық жасаған 6 адам ұсталды. Ел билігі бұған оппозиция және көршілес Колумбия мен АҚШ-тың қатысы бар деп айыптады. Мемлекет басшысына сенбі күні ресми жиында шабуыл жасалды. Қылмыстық істі жұртқа беймәлім «Фланель сарбаздары» тобы мойнына алған.
Президентке шабуыл жасалып жатқан мына кадрлар бүкіл әлемді дүр сілікіндірді. Бұл бейнекөрсетілімде Мемлекет басшысы Николас Мадуро Ұлттық Боливариандық гвардияның құрылуының 81 жылдығына ұйымдастырылған әскери парадта сөз сөйлеп тұр. Осы кезде жарылыс естілді.
Белгілі болғандай, әрбіреуіне 1 келі гексаген толтырылған үш ұшқысыз ұшақ жарылды. Оларды снайперлер дер кезінде атып түсірген. Бірнеше полиция қызметкері жарақаттанып, бір ғимарат қираған. Кейінірек, Николас Мадуро ресми мәлімдеме жасайды. Ол оппозиция мен көрші Колумбия мен Құрама Штаттарды осы іске тікелей қатысты деп айыптады.
Николас Мадуро, Венесуэла президенті:
Бұл жерде оппозицияның Колумбиямен байланысы бар. Шабуылға осы елдің басшысы қатысты. Біз әсіресе Америкадан жауап алатын боламыз. Тергеудің алғашқы мәліметіне сәйкес, ұйымдастырушылардың көпшілігі АҚШ-та Флоридада тұрады екен.
Ішкі істер министрлігінің басшысы Нестор Реверол 6 адамның ұсталғанын хабарлады. Олардың кейбіреулері бұрындары заң бұзған болып шықты. Айта кетсек, күдіктің бірі тікұшақты ұрлағаны үшін іздеуде жүр.
Нестор Реверол, Венесуэла ішкі істер министрі:
Алты террорист ұсталды. Бірнеше көлік тәркіленді. Рейд жүргізіліп, қылмысқа қатысты маңызды деректер табылды. Бірақ олар әлі жарияланбайды. Тергеу жалғасуда. Тағы да күдіктілер ұсталынуы мүмкін.
Ал қылмысты «Фланель сарбаздары» ұйымы жауапкершілікті өзіне алып отыр. Олар туралы алғаш рет былтыр әскери базаға шабуыл жасаған кезде мәлім болды. Twitter-де бұл топ жаңа шабуылдар жасайтындарын жазды. Ал президент айыптап отырған Колумбия мен АҚШ ресми түрде қылмысқа қатысы жоқ екендерін жариялады. Қос мемлекет те Каракаспен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген. Мануэль Сантостың айтуынша, ол шабуыл кезінде немересін шоқындыру рәсімімен айналысқан. Вашингтон да жауапсыз қалмады.
Джон Болтон, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік бойынша көмекшісі:
АҚШ үкіметінің бұған қатысы жоқ екенін сеніммен айта аламын. Бірнеше сағат бұрын Каракастағы біздің уақытша дипломаттармен сөйлестім. Олар көбіне сол түні Венесуэладағы американдық азаматтардың қауіпсіздігімен айналысқан. Назар аударыңыз, Мадуро құрған басқа да жағдайларға байланысты бәрі де болуы мүмкін.
«Басқа да жағдайлар» дегені мұнай бағасының құлдырауынан кейін елдің елеулі экономикалық дағдарысқа тап болғанын білдіргені сыңайлы. Қазір Венесуэладағы гиперинфляция және жалпы тапшылық туындап тұр. Үкімет қаржы жүйесін криптовалюта арқылы үнемдеуге тырысып отыр. Қазіргі уақытта Мадуроға жасалған қастандыққа қатысты тергеуге арнайы үш прокурор тағайындалған. Бірқатар мемлекеттер, соның ішінде Куба, Испания, Ресей, Сирия және Түркия шабуылды қатаң айыптады.