Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылордада тәуелсіз сарапшылар тағы бір көп пәтерлі тұрғын үйді апатты деп таныды

AstanaTV
06.08.2018ж. 20:00
2927
Қызылордада тәуелсіз сарапшылар тағы бір көп пәтерлі тұрғын үйді апатты деп таныды

Қызылордада тәуелсіз сарапшылар тағы бір көп пәтерлі тұрғын үйді апатты деп таныды. Ол Титов шағын ауданындағы Жетікөл 11 А мекен-жайында орналасқан екі қабатты үй. Тұрғындар 50-шы жылдары салынған ғимарат тозып, үйінді астында қаламыз деп қауіптенеді. Сарапшылар үйді апатты деп танығанмен, билік өкілдері оны мойындамай отырған көрінеді. Мән-жайды қызылордалық тілшіміз Шарипа Сақтапова білді.

Тозығы жетіп, жерге сіңген іргетас, сөгілген қабырғалар, тесілген шатыр. Бұл үй кез келген уақытта құлауы мүмкін. Осылай деп зар қаққан тұрғындар бала-шағасына аландайды. 8 пәтерлі үйде 40 шақты жан тұрады. Алпыс жылдық тарихы бар үй бірде-бір күрделі жөндеу көрмепті.

Үміткүл Бұғыбаева, қала тұрғыны:.

Енді не істейміз? Қолымыздан келер нәрсе жоқ. Мынау құлайын деп тұрғаны, арматура ар жағында шығып тұрғаны.

Биыл сегіз отбасы тәуелсіз сарапшыларды шақыртып, үйдің жағдайын тексерткен. Бір парақ қағазда "үй апатты" деп жазылған. Тұрғындар қауіпті үйде тұрғылары келмейді. Сондықтан көшіруді талап етіп отыр. Тәуелсіз сарапшы қорытындысын әкімшілікке ұсынған, бірақ комиссия басқа шешім шығарыпты.

Әлима Әлсиеуова, қала тұрғыны:

Олар дым қарамай, сосын айтты бізге: "сендердің тамдарың 100 жыл тұрады" деді де, кетіп қалды. Содан кейін біз қайтадан бардық акиматқа, бізге айтты: "сендердің тамдарың модернизацияға біз жөндейміз". Бұл модернизацияға жарамайды. 

Билік өкілдері болса, үй күрделі жөндеуден өткен соң өткен соң, әлі бірнеше жылдар тұратынына сенімді.

Берік Сәрменбаев, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

Нақты шешім қабылданды, бүл кісілерге де түсіндіріліп айтылды, үй ремонтқа келеді деп. Модернизацияға кіргізіп, үйлерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге ұсыныстар берілді. Жалғыз шешім сол.

Дегенмен тұрғындар үйді қайта зерттеуді талап етеді. Олар үйдің құлап қалмайтынына кепіл бермей, көңіліміз тыншымайды деп отыр. 

Шарипа САҚТАПОВА