Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Алматыда электросамокаттар салмағы артып келеді

AstanaTV
06.08.2018ж. 20:00
3037
Алматыда электросамокаттар салмағы артып келеді

Алматыға екі дөңгелекті электроарбалар дәуірі жақындағандай. Әр көшеге көз сүзсеңіз, жасы да, кәрісі де сол электросамокаттармен зырғып бара жатады. Тіпті бұл қозғалыс көлігі қоғамдық транспорттарға да бәсеке тудырып келеді. Тұрғындардың айтуынша, қос дөңгелекті көлік өте ыңғайлы, әрі автобус күтіп аялдамада тұрғаннан әлдеқайда тиімді. Ал сатушылар болса тауардың биылғы сатылымы қарқын алғанын айтады.

Галина Дайырбаева электросамокат алғалы таяғын тастаған. Тіпті сыртқа шықпайтын болған. Дүкенге де, емханаға да осы екі дөңгелекті электроарбамен жетеді. Зейнеткер 71 жасқа келгенімде күнделікті күтетін қоғамдық көлікті алмастырғанына қуанады. 

Галина Дайырбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

Саябақта көршімнің дәл осы көлікпен жүргенін көріп қалдым. Кейін, неге менде осыған үйреніп алмасқа деген ой келді. Қазір ақырындап үйреніп жүрмін. Тек жақын төңіректегі ісімді ғана бітіруге шығамын осы самокатпен. Емхана, дүкен секілді үй маңындағы жерлерге.

Енді-енді қос дөңгелекті қозғалысына бой үйретіп жүрген зейнеткер, қала көшелерін аралауға әлі ерте деп отыр. Бірақ, оның бұл әрекетіне туыстары мен көршілері де қызыға қарай бастаған. Мысалға, өзінің жақын туысы да жақында электросамокат сатып алыпты.

Ольга Ныгматуллина, Алматы қаласының тұрғыны:

Маған бұл көлік қатты ұнап қалды. Біріншіден, аялдамада автобус күтіп тұрмайсың. Екіншіден, кептеліссіз жетесің барам деген жеріңе. Өте керемет. Мен тіпті аулада жүргенімде бір келіншектің кішкентайын балабақшаға осы электросамоктапен апарғанын көріп қалдым.

Электросамокаттардың ерекшелігі - барлық жастағы адамдарға оңай үйреніп алуына болатындығында дейді, сатушылар.

Дастан Мұхтарбек, сатушы:

Қазір қызығатындар, сатып алатындар өте көп. Әртүрлі жастағы тұрғындар келеді. Бірі өзіне алса, енді басқалары балаларына, жақындарына сатып алады.

Қос дөңгелекті көліктің сатылымы биыл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Жергілікті билік бұл көрсеткішті қала көшелеріндегі веложолдардың көбеюімен байланыстырады. Яғни бүгінде мегаполисте арнайы жолақ 30 шақырымға жеткен. Бірақ көлік тұрақтары, керісінше, кеміп келеді. Тіпті электросамокаттардың қозғалысы туралы жаңа ереже де бекітіліп үлгерген. Ол бойынша бұл арбалар арнайы жолақпен де, көлік жолдарымен де еркін жүре алады.

Сәкен Қағаров, Алматы қаласының тұрғыны:

Кейде көше бойында көлік жүргізушілері «неге жолға шығып алғансың» деп айғайлап жатады. Бірақ электросамокатқа арналған ережені инстаграмм парақшасына да жариялады ғой. Жолмен де, жолақпен де жүруге болады деп.

Әрине, мұндай келіспеушілікте мегаполис билігі қос дөңгелекті көлік иелерінің жағында. Себебі қала көшелерінде веложолдар артып келеді. Әрі тоқтаусыз салынып жатыр. Оған дәлел арнайы жолаққа шығып кеткен көліктерге салынған айыппұл. Жыл басынан бері ондай жүргізушілердің мойнына миллиардқа жуық қаржы ілініпті.

Олжас Нұржақып