Виктор Храпунов бұрынғы орынбасарын "атып тастаймын" деп қорқытқан. Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Яков Заяц осылай деп мәлімдеді. Кезінде қала әкімінің орынбасары болған ол, қысым көрсетілгендіктен, қаладағы жер телімдерін жеке бастың иемденуі үшін кей құжаттарға қол қойғандығын айтып берді. Оның ішінде «Емен орманына» байланысты құжат та бар.
Яков Заяц, айыпталушы:
"Мен сені жоқ қыламын, алып тастаймын" деп қорқытты. Мен ол кезде денсаулығыма байланысты ота жасатып қайта келген кезім. Қысым көрсететін. Бір қызығы, кез-келген мәселеде мен қарсы боламын ба, жоқ па, аса үлкен роль ойнамайтын. Себебі соңғы қол, соңғы шешім соның атынан қабылданды емес пе? Мен амалсыз келген құжатқа қол қойып отырдым.
Еске салайық, Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпуноваға қатысты басты сот отырысы өтіп жатыр. Сот залында 9 айыпталушы. Олар мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны және ірі көлемді қаржы жымқырғаны үшін айыпталып отыр.