Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Шымкентте құдалыққа барамын деп уланғандардың алды үйлеріне шығарылды

AstanaTV
07.08.2018ж. 20:00
4181
Шымкентте құдалыққа барамын деп уланғандардың алды үйлеріне шығарылды

Шымкент мейрамханасына құдалыққа барғандар ауруханадан бір-ақ шықты. Жайылған дастарханнан дәм татқан соң 11 адам уланып қалған. Ұшынуға не себеп? Науқастар жағдайы қалай? Мән-жайды әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Астан уланғандар Қаратау шағын ауданындағы мейрамханалардың бірінен тамақтанған. Құдалыққа қатысқан адамдардың кейбірі тамақтанған соң, арада екі жарым сағат өтпей-ақ өздерін жайсыз сезіне бастапты. 

11 адам жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Олар жүрек айну, іш өтуі және құсу белгілерімен медициналық мекемеге жеткізілген. Дәрігерлерге олар өздерінің салаттан өзге қымыз ішіп, қуырылған балық жегендерін айтқан. Бүгін төрт науқас үйлеріне шығарылды.

Баян Рыстаева, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

Қалған 7 науқастың бүгінгі таңға жағдайлары жақсы. Тұрақты. Іш өткендері басылды. Құсып жатқан жоқ. -Қашан шығарылады?- Ертеңгі күнге шығаруға жоспарлап отырмыз.

Ал мейрамхана қожайыны құдалықтағы қонақтардың бұл жердегі тағамдардан улануы қисынға келмейді деп отыр. Айтуынша, асылатын ет, қымыз, сусындардан өзгесі түгел мейрамханада әзірленіпті. Тіпті құдалық өткізген тараптың шағымы жоқ көрінеді. 

Эльмира Маханова, кәсіпкер:

Мен өзімнің барлық дастарханға шыққан, өзімізден шыққанның бәріне мен сенімдімін. Өйткені сол күні алынды бәрі. Бәрі свежий, сол кезде дайындалды. Үшке деді, біз сол үшке он минут қалғанда шығара бастадық.

Бұл мейрамхана 2016 жылы ашылған. Мұнда бүгін де құдалық өтіп жатыр. Жиырмаға тарта қызметкер санитарлық талапқа сай жұмыс істейді, деді мейрамхана қожайыны. Ал олардың медициналық кітапшаларын тексеру жүргізген санитар мамандар алып кеткенін айтты. Сынамалар да алынған, бірақ қорытындысы әзірге дайын емес.

Ержан Пайызбеков, Шымкент қаласының ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының жетекші маманы:

Аталған жәйт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабымен тіркелді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, бұл Шымкентте жыл басынан бергі екінші рет тіркеліп отырған жаппай улану оқиғасы. Сәуір айында құйылмалы балмұздақ жеген 188 адам бірінен соң бірі ауруханаға түскен еді. Тексеруден соң науқастардан бөлек, тәтті сататын дүңгіршектегілер мен оны әзірлегендерден сальмонеллез және стафилококк қоздырғышы анықталған болатын. Жұртты шулатқан дүңгіршек әлі жабық тұр.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Балмұздақтан жаппай улану оқиғасына қатысты сәуір айында қозғалған іс жуырда тергеліп бітті. Шымкент қаласының ІІД-і өкілінің бізге ауызша берген мәліметінше, қазір бұл іс прокуратураға жолданған. 

Айзада Төребекқызы