$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Семейдегі бұрынғы ядролық полигонның орны қайта қалпына келтірілмек - Энергетика министрлігі

AstanaTV
07.08.2018ж. 20:00
5849
Семейдегі бұрынғы ядролық полигонның орны қайта қалпына келтірілмек - Энергетика министрлігі

Семейдегі ядролық полигон сыналған жер қайта қалпына келтіріліп, шаруашылық қажеттілікке жаратылмақ. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Ядролық қару сынағы және оның салдары» атты халықаралық конференцияда Энергетика министрлігінің өкілі айтты. Оның сөзіне сүйенсек, қазір мамандар аталған аумақтағы жерге зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аумақтың басым бөлігінде тексеру аяқталған. Осының нәтижесінде 50 мың текше метр болатын ядролық қоқыстар мен қалдықтар анықталып, оларды көмуге болатындығы белгілі болды. Ал полигон сыналған жерді толық зерттеу және оны қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылы аяқталмақ.

Батыржан Қаракөзов, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры:

Мүмкін біз тапқан заттар жай ғана жердің беткі қыртысы болуы да мүмкін. Бәрібір ол да радиоактивті қалдықтар қатарына жатады. Енді біздің мақсат - қатты бүлінген, уланған нүктелерін анықтау, оны қайта қалпына келтіру, шаруашылық қажеттілікке жарамды ету. Менің ойымша алдағы уақытта жер телімінің басым бөлігін шаруашылыққа қайтаруға болады.

Ал атом электростанциясының құрылысына қатысты нақты шешімді министрлік жыл аяғына дейін жария етпек. Жиынға қатысқан халықаралық сарапшылар атом электростанциясы салынса, Қазақстанның экономикасына үлкен серпін болады деген пікірде.

Акира Наканиши, Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың бас жетекшісі (Жапония):

Ең бастысы, бұл арзан электроэнергия көзі. Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның атом электростанциясын салу туралы шешімін қолдайды. Жобасын, ядролық жағармай жұмыстарын жүзеге асыру бағыттарын барынша қолдайды. Бірақ бұл істі қолға алған уақытта қауіпсіздікке де мән берген жөн. Өйткені Жапонияның Фукусима оқиғасынан кейін де атом электр станциясы жұмысын тоқтатқан жоқпыз. Керісінше, қауіпсіздікті нығайта түстік.